“Құрылыс компанияларынан келісімшарт алады“: Қазақстанда тәуелсіз техқадағалау енгізу ұсынылды
Салынып жатқан үйдің сапасы көбіне техникалық қадағалауға байланысты. Алайда бұл салада түйткілді мәселе бар - мамандар келісімшартты құрылыс салушылардан алады, сондықтан оларға материалдық тұрғыдан тәуелді. Қазақстан құрылысшылар одағы техникалық қадағалауды тәуелсіз етуді ұсынды.
Құрылыс кодексі күшіне енгенге дейін (2026 жылғы 1 шілде) жаңа құрылысты қабылдауға құрылыс салушы, авторлық және техникалық қадағалау мамандары қатысатын. Енді актіге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ) мен ТЖ органдары инспекторларының да қолтаңбасы қойылуы тиіс. Талаптар күшейтілгенімен, бір мәселе әлі де шешімін таппай тұр.
"Бір "бірақ" бар екенін айта кету керек, бұл - өзекті мәселе. Егер техникалық қадағалау институтын алатын болсақ, барлық техқадағалау мамандары келісімшартты құрылыс компанияларынан алады. Осылайша, техқадағалау мамандарының құрылыс салушыларға тәуелділігі туындайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Құрылыс компаниялары немесе девелоперлер техқадағалау шешіміне әсер ете алады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі техқадағалаудың, ең алдымен, қаржылай тәуелсіз болуы үшін шаралар қабылдауы қажет", - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан құрылысшылар одағы Алматы бойынша филиалының директоры Тимур Нұртаев.
Бұрын техникалық қадағалау өкілдерінің бәрі бірдей құрылыс алаңында тұрақты болмайтын. Бір маман бір мезгілде 10 жобаны қатар жүргізе алатын, бұл көп уақытты алатын. Оған нысаннан нысанға ауысып жүруге тура келетін. Алайда енді Құрылыс кодексіне жаңа норма енгізілді, оған сәйкес бір техникалық қадағалау маманы тек бір нысанды жүргізе алады.
Тағы оқыңыз:
“Жаңа үйге деген қызығушылық басылды“: Қазақстанда баспана сатып алушылар портреті қалай өзгерді?
Тұрғын үй кешені асыра бағаланғанын қалай түсінуге болады? Сатып алу алдында тексеру керек 8 белгі