“Заңды процесс“: Алматы әкімі Сатыбалды жеке секторды сүру туралы пікір білдірді
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Бас жоспар бойынша қалада көпқабатты үйлерге орын босату үшін жеке сектор мен коттедж қалашықтары неге жаппай сүрілетінін түсіндірді.
Әкімнің қаланы одан әрі дамыту туралы мақаласы "Вечерний Алматы" газетінде жарияланды. Оның жеке блогы мегаполис құрылысына арналған.
"Бұрын жеке үйлер мен шағын коттедж қалашықтары орналасқан аумақтардың орнына көпқабатты тұрғын үйлердің салынуы - урбанизацияның заңды процесі. Бірақ бұл жаңарту да өз заңдылықтарына бағынуы тиіс. Реновация - бұл жай ғана ескі ғимараттардың орнына жаңасын салу емес", - деп жазды Дархан Сатыбалды.
Оның айтуынша, Алматының Бас жоспарында қоғамдық кеңістіктерді жоспарлау, дизайн жасау және басқару кезінде тұрғындардың қажеттіліктері мен пікірін ескеретін Placemaking принципі ескерілген.
"Тек тұрғын үйді ғана емес, адам өмір сүретін бүкіл ортаны жобалау қажет. Егер жаңа аудан пайда болса, тұрғын үйлермен қатар бір мезгілде кеңселер, дүкендер, мектептер мен балабақшалар, емханалар мен саябақтар қарастырылуы тиіс. Қоғамдық көлік, инженерлік желілер, жаяу жүргіншілер жолы мен демалыс орындары бытыраңқы емес, біртұтас қалалық жүйе ретінде жоспарлануы керек", - деп түсіндірді ол.
Алматының Бас жоспарына енгізілген түзетулерге сәйкес, қаладағы жеке сектордың басым бөлігі сүріледі. Жеке құрылыстар тек кейбір жерлерде, соның ішінде тау бөктерінде, әуежай маңында және жерасты сулары көтерілетін аймақтарда ғана қалады. Аз қабатты құрылыстардың орнына көпқабатты үйлер бой көтеруі тиіс.
Биліктің бұл жоспары тұрғындардың наразылығын тудырды. Алматылықтар қалада жел режимі бұзылғанын, коммуналдық инфрақұрылым қуатының жетіспеушілігін және тағы басқа мәселелерді айтып шағымданып жатыр. Сонымен қатар, қала тұрғындары арасында, әсіресе мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін сатып алу кезіндегі өтемақы мөлшері де сұрақ туғызып отыр. Бұл туралы толығырақ мына жерде жазған болатынбыз: