“Ата-анасы қайда қарап отыр?“ Балқашта оқушы қыздардың қауіпті әрекеті видеоға түсіп қалды
Балқашта мектеп оқушысы терезеден төртінші қабаттың балконына өтпек болған. Осы сәт бейнежазбаға түсіп, кейін әлеуметтік желілерде тарап кетті. Жағдайға қатысты өңірлік полицияның баспасөз қызметі пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ата-анасы қайда қарап отыр" - видео
Бейнежазбадан көпқабатты үйдің төртінші қабатында мектеп оқушысы терезеден балконға өтіп жатқанын көруге болады. Бұл сәт видеоға түсіп, кейін жазба әлеуметтік желілерде тарады.
"Бұл не деген сұмдық? Ата-анасы қайда қарап отыр? Кім баласын таныды, шұғыл шара қолданыңыздар", – дейді кадр сыртындағы әйел.
Мектеп оқушыларының бұл әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларын алаңдатып қойды. Көбі балалардың мұндай қауіпті жағдайға қалай тап болғанын және сол сәтте ересектер қайда болғанын сұрап жатыр.
Полиция не деді?
Қалалық полицияға хабарлама түскені анықталды.
"Оқиға орнына барған қызметкерлер кәмелетке толмағандардың кім екенін анықтады. Олар қаладағы мектептердің бірінде оқитын 8 жастағы үшінші сынып оқушылары болып шықты. Қыздар пәтер ішінде оларға ешқандай қауіп төнбегенін, ал мұндай қауіпті әрекетке салдарын сезінбестен, тек ермек үшін барғандарын түсіндірді. Тексеру қорытындысы бойынша, кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары бала тәрбиесі мен оларды бақылаудағы міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Полиция сол сәтте оқушылардың ата-аналары қайда болғанын нақтыламады.
Тәртіп сақшылары балалармен профилактикалық әңгіме жүргізген. Олар мұндай әрекеттердің қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін еске салды.
Полиция ата-аналарды балаларына мұқият болуға және оларға қауіпсіз мінез-құлық ережелерін үнемі айтып отыруға шақырады.
10 қыркүйекте Павлодарда 8-қабаттан құлаған 4 жасар баланың аман қалғаны белгілі болды. Бүлдіршін балконнан құлап кеткен. Оқиға кезінде ата-анасы үйде болмаған. Полиция бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру амалдарын бастады.