2027 жылға арналған Қазақстан бюджетінде доллар бағамы өзгертілді
Қазақстанда 2027 жылға арналған бюджетті жоспарлау кезінде доллар бағамына қатысты болжам өзгертілді. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин үкіметтің бұл көрсеткішті неге қайта қарағанын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Доллар бағамы бойынша жоспар қалай өзгерді?
Бүгін үкімет Мәжілісте Қазақстанның 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасын таныстырды. Азамат Әмрин бұған дейін 2027 жылға арналған доллар бағамы 540 теңгені құрағанын айтты.
"Біз 2026 жылды 2025 жылдың шілдесінде жоспарладық. Сол кезде бағам бізде тура 540 болды. Тіпті, естеріңізде болса, 550, 554 теңге болған кездері де еді. Тиісінше, сол кездегі динамикаға сүйеніп, біз жалпы осындай бағам күтіледі деп болжадық. Соған байланысты биылғы жоспарда да бізде 540 теңге деп көрсетілген болатын", – деді Әмрин.
Алайда биыл 2027 жылға арналған бюджетті жоспарлау кезінде бұл санды өзгерту туралы шешім қабылданды.
"Енді биылғы динамиканы ескере отырып, биыл 480 теңге деп белгілеп отырмыз", – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бергі орташа бағам бір доллар үшін шамамен 478 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш келесі жылдың бюджетін есептеу кезіндегі негізгі бағдарлардың біріне айналды.
"Келесі жылдың қорытындысы бойынша әртүрлі көрсеткіштер мен түрлі бағам болуы мүмкін екені түсінікті. Біз бұл мәселе бойынша нақтылаумен келуіміз де мүмкін екенін білесіздер. Бірақ әзірге ондай негіз жоқ, біз, керісінше, сәл консервативті түрде – 480 теңге деп бекіттік", – деп толықтырды Әмрин.
Қазір доллар бағамы қандай?
16 қыркүйекте KASE-дегі күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 2,8 теңгеге төмендеп, 444,88 теңгені құрады. Бұл – доллар 445 теңгеден төмен түскен 2024 жылдың мамыр айынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Еске сала кетейік: 4 қыркүйекте Қазақстанда тағы да базалық мөлшерлеме төмендетілді – бұл жолы жылдық 16,25 пайызға дейін. Бұл қатарынан үшінші рет төмендеу: жиынтық мөлшерлеме 1,75 пайызға төмендеді.