“Ақшаны БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ“ - Отбасы банк депозиттегі зейнетақы қаражаты туралы
Қазақстандықтарға БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы жинағының артылған бөлігін Отбасы банктегі депозитте қалдыруға рұқсат берілді. Бұрын бұл қаражатты алты жыл ішінде тұрғын үйге жұмсау керек деген шарт болатын.
Зейнетақы жинағын пайдалану мерзіміне қатысты талаптың жойылғаны туралы Отбасы банк хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы артық қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін, алты жыл ішінде ипотекалық қарыз рәсімдеп үлгермеген жағдайда, бұл қаражаттың тағдыры не болатыны туралы көптеген сұрақ қойылып жатқанын көріп отырмыз. Көпшілігіңізді: "Белгілі бір себептермен баспана сатып алуға үлгермесек, қаражат қайтадан БЖЗҚ-ға қайтарыла ма?" деген сұрақ алаңдатады. Сіздерді қуантқымыз келеді: енді қаражатты БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ", - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Ол үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Егер салымшы алты жыл ішінде зейнетақы жинағын пайдаланып үлгермесе, бұл ақша депозитте сақталып тұра береді.
"Алты жыл мерзімі өткеніне байланысты жинақтарыңыздың автоматты түрде БЖЗҚ-ға қайтарылмайды. Сонымен қатар, Отбасы банк ипотекалық қарыз рәсімдеуді кейінге қалдырмай, мүмкіндігінше осы қаражатты тұрғын үй сатып алуға арналған бастапқы жарна ретінде пайдалануға кеңес береді", - деп толықтырды банк өкілдері.
Еске сала кетейік, бүгінде қазақстандықтар жеткілікті шектен асатын зейнетақы жинағын кейбір емдеу түрлеріне және тұрғын үй алуға, оның ішінде Отбасы банктегі тұрғын үй депозитін толықтыруға жұмсай алады.
Тағы оқыңыз:
Қазақстанда зейнетақы жинақтарына қатысты жаңа ереже енгізіледі: БЖЗҚ түсіндірмесі