Мемлекет басшысы Үндістан премьер-министрімен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі БРИКС саммиті аясында Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиді БРИКС саммитінің табысты өтуімен құттықтап, халықаралық ауқымдағы іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді.
Президент әлемдік экономикада көшбасшылардың бірі саналатын Үндістанның ғылыми-техникалық саладағы тамаша жетістіктеріне және халықаралық аренадағы зор беделіне тоқталды.
"Үндістан Сіздің парасатты әрі тегеурінді басшылығыңызбен прогресс пен орнықты даму жолында алға қарай нық қадам басып келеді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ-үнді қарым-қатынасы көптеген бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.
"Бүгінде Қазақстанда үнді капиталының үлесі бар 600-дей компания нәтижелі жұмыс істейді. Былтыр елімізге 150 мыңға жуық Үндістан азаматы келді. Қазақстанда көптеген үнді студенттері білім алып жүр. Сондай-ақ біз халықаралық ұйымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, кеше Тоқаев БРИКС саммитіне қатысу үшін Нью-Делиге барды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС саммиті аясында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Эфиопия премьер-министрімен кездесу өткізді.