ШҚО көшелерінде ерекше “полицей“ пайда болды
Шығыс Қазақстан облысында полиция алғаш рет робот-итті іске қосты. Ол аумақты өз бетінше патрульдеп, бейнебақылау жүргізе алады және ақпаратты полиция қызметкерлеріне жолдайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ұлан ауданындағы бұқаралық іс-шара кезінде робот-ит пайдаланылды. Құрылғы белгіленген аумақта өздігінен жұмыс істей алады және бейнебақылау камерасымен жабдықталған.
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, робот-ит бейнесараптама және бет-бейнені тану функцияларымен жарақталған. Камера арқылы алынған ақпарат полицияның Жедел басқару орталығына беріледі.
Сонымен қатар, құрылғы жарқыл маяктармен және дауыс зорайтқышпен жабдықталған. Оның көмегімен патрульдеу аумағындағы адамдарға дауыстық ескертулер жасауға болады.
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі
Полиция өкілдері роботтың адамдар көп жиналатын орындарды автоном патрульдеуге арналғанын хабарлады. Болашақта мұндай құрылғылар көшелерде, саябақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында және әуежайларда қолданылуы мүмкін.