Тұрғын үй саудасы төмендеді: қазақстандықтар қандай баспананы сатып алып жатыр?
2026 жылғы тамызда қазақстандықтар тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 35,8 мың мәміле жасаған. Бұл шілдемен салыстырғанда 3,6 пайызға аз. Сұраныс қай өңірде төмендеп жатыр және қазір қандай жылжымайтын мүлік сұранысқа ие?
Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы 2026 жылғы тамыздағы тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны бойынша жаңа шолуды жариялады. Осы мәліметтерге сәйкес, жаздың соңғы айында елімізде 35 807 жылжымайтын мүлік нысаны сатылған.
"2026 жылғы шілдемен салыстырғанда (37 158) мәмілелер саны 3,6 пайызға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 690 - 21,5 пайыз) және Астана (6 398 - 17,9 пайыз) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 825 - 7,9 пайыз) көш бастап тұр. Ал ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген - 277 мәміле (0,8 пайыз)", - делінген шолуда.
Шілдемен салыстырғанда мәмілелер өсімі Алматыда, Қостанай және Қарағанды облыстарында байқалды. Ал Алматы, Атырау және Жамбыл облыстарында көрсеткіш төмендеген.
Тұрғын үй форматына келетін болсақ, пәтерлер сұранысқа ие - жалпы мәміле көлемінің 77,4 пайызы (27 719). Сатылымның жартысына жуығы - 48,6 пайызы - Алматы мен Астана қалаларына тиесілі.
"Бір бөлмелі пәтерлер сатылым бойынша көш бастады, олар бойынша 2026 жылғы тамызда 10 806 мәміле тіркелді", - дейді ҰСБ өкілдері.
Бұл ретте 8 088 адам жеке үй сатып алған. Олар бойынша мәмілелердің өсуі Қызылорда, Қарағанды және Жетісу облыстарында тіркелді. Төмендеу үрдісі Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында байқалады.
Ал былтырғы тамыздағы көрсеткіштермен салыстырғанда, сатылымның 13,5 пайызға төмендегені байқалады.