“Гүл ғана егіп отырасың деген” - Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша сотталушы
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы, айыпталушы Сәуле Жұбаниязовадан жауап алу басталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жұбаниязова МИБ құрылғаннан кейін немен айналысқанын және жұмысқа кіріскен кезде үйдің жай-күйі туралы не білгенін айтып берді.
"МИБ құрылғаннан кейін мен барлық ұйымдастыру мәселесімен, соның ішінде кіреберісті, үйді, ауланы тазалаумен, жылу торабымен, көрсеткіштерді берумен айналыстым. Кейін үйді опрессовкалау жұмыстары басталды", - деді сотталушы.
Оның айтуынша, ол жұмысқа кіріскен кезде тұрғындар үйдің жағдайына қатысты ешқандай шағым айтпаған.
"Мен қызметке кіріскен кезде тұрғындар ештеңеге шағымданған жоқ: бізде ешқандай жарықтар, ешқандай құлау болған емес. Қасбеттің сол бөлігі өлімге әкелетіндей қауіп төндіреді деп тіпті ойлай да алмадым", - деп жалғастырды ол.
Үйдің жай-күйі туралы айта келе, сотталушы бұрынғы басқарушы Гүлжауһар Ахметовамен болған әңгімесін баяндады. Сәуле Жұбаниязованың айтуынша, басқарушы оған шағын жарықтар туралы айтып, оларды өз бетінше жөндеткенін түсіндірген: өндірістік альпинисті шақыртып, жұмыстың барысын бақылаған. Сондай-ақ, сотталушының сөзінше, басқарушы үйдің жағдайы жақсы деп сендірген.
"Ол: "бәрі тамаша, алаңдама" деді. Тура айтқан сөзі: "Гүл ғана егіп отырасың", - деді ол сотта.
Сотталушы құрылыс саласының маманы емес екенін және бұған дейін МИБ басқарумен айналыспағанын атап өтті:
"Мен маман емеспін ғой, жай ғана бухгалтермін. Ешқашан МИБ-пен айналысқан емеспін, басқару ісімен шұғылданбағанмын. Яғни, бұл мен үшін жаңа дүние болды".
Жұбаниязованың айтуынша, оның өкілеттік мерзімі мамырда аяқталған:
"Мен бұл туралы чатқа мерзімім біткендіктен өкілеттігімді тапсыратынымды жаздым. Тұрғындар ниет білдірген жоқ. Менің төрайым қызметінен кетуім үшін тұрғындар дауыс беріп, жаңа адамды тағайындауы керек. Ешкім ниет білдірмегендіктен, менің өкілеттігім автоматты түрде ұзартылды".
Сотталушыдан жауап алу жалғасып жатыр.
Бүгін сот құрылыс саласындағы маманның жауабын тыңдады. Сарапшы үйдің жобалық сәйкессіздіктері туралы айтып, оларды "мина іспеттес" деп атады.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот тікелей эфирде өтетіні хабарланған болатын. Трансляцияны Tengrinews.kz сайтының YouTube-арнасынан көруге болады.
Өткен отырыстарда не болды?
18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталды фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
20 тамызда сотталушының адвокаты судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді, алайда бұл өтініш қабылданбай, процесс жалғасты.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел сотта жауап берді. Ер адам жұбайы қайғылы жағдайға ұшыраған күн туралы баяндады. Сондай-ақ ол сотқа жұбайының қазасы туралы қалай білгенін және әкімдікте алған 20 миллион теңге туралы хабарлады.
Сондай-ақ оның анасы да жауап берді. Әйелдің айтуынша, өз қызын танымай қалғанын ауруханаға барған кезде белгілі болған. Сонымен қатар жәбірленуші құдағиының әкімдіктен берілген көмек қаржының 4,5 миллион теңгесін қайтаруды талап еткенін жеткізді.
Одан бөлек, қайғылы оқиға болған күні Ұлдана Мырзуанмен шақырту орнына келген фельдшер Дильназ Байзақова да сотта жауап берді. Оның айтуынша, Ұлдананың сау тамтығы қалмаған. Тағы бір жәбірленуші Гүлнар Қалиева сол күні "кірпіштер жаңбырша жауғанын" айтты.
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олар №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Бір пациенттің жағдайы өте ауыр болды, оған ота жасалды. Тағы екі адам жансақтау бөлімінде жатты, дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Қалған екі адам бөлімшеге орналастырылды, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Ең ауыр жарақат алған пациент - оқиға орнына жеткен жедел жәрдем фельдшері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан болып шықты. Қыздың туыстарының айтуынша, ол зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке ұмтылған. Олардың арасында бала, оның анасы және туысы болған. Ұлдана зардап шеккендерге қарай жүгірген кезде, "үстіне кірпіш мен кондиционердің бекіткіші құлаған". 18 қарашада ол ауруханада көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы "Сапасыз салынған құрылыс" бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейін істе тағы бір бап пайда болды – 306-бап "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету".
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды ерлігі, жанқиярлығы және міндетін үлгілі атқарғаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Қазақстандықтар жедел жәрдем фельдшерімен қалай қоштасқаны туралы мына материалда.