Жекеменшік немесе мемлекеттік мектеп: қазақстандық балаларға қайда оқыған дұрыс?
Қыз барлық талапты орындап, өте тіл алғыш болғанымен, үнемі ширығып, қысылып жүретін. Бір жылдан соң ата-анасы оны жекеменшік мектепке ауыстырған, содан кейін оның "еңсесі көтерілді".
Алайда үш бала тәрбиелеп өсірген Елена асығыс тұжырым жасаудан аулақ: кез келген жекеменшік мектеп балаға қауіпсіз орта сыйлай бермейді, сол сияқты кез келген мемлекеттік мектеп баланы жасытпайды. Байыпты көзқарасты екі жақтан да кездестіруге болады - бәрі көбіне директор мен педагогтарға байланысты.
Мектепте балалардың психологиялық жайлылығын қалай қамтамасыз ету керек, оның маңыздылығы неде және жұмсақ қарым-қатынас үлгерімге әсер ете ме - бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі баяндайды.
Ата-аналар мектепті емес, педагогты таңдайды
Алматылық Елена Макеева үлкен қызы бірінші сыныпқа барарда алғаш рет жекеменшік мектепті таңдаған. Оның алдында ғана жағымсыз оқиға болып, қыздың миы шайқалған. Сондықтан отбасына тыныш әрі қауіпсіз орта табу керек болды.
"Мемлекеттік мектептерде 35-40 баладан оқыса, оның сыныбында 15 оқушы болды, сондықтан қызымызға сонда жайлырақ болады деп шештік. Негізі бастауыш сыныпта мектепті емес, мұғалімді таңдайтындықтан, мемлекеттік мектепке де берер едік, бірақ денсаулығын ойладық", - дейді Елена.
Дегенмен, қызы оқыған жекеменшік мектептегі мұғалім тамаша болып шықты. Еленаның айтуынша, ол әр балаға шын ниетімен көңіл бөліп, оқушыларды қолдап, оқуға қызықтыра білген. Алғашқы үш жылда отбасы жасаған таңдауына толықтай риза болады.
"Бірақ кейін мектебіміз басқа ауданға көшетін болды, жаңа мекенжай отбасылар мен мұғалімдердің көбіне қолайсыз болып шықты. Бүкіл сынып дерлік мұғаліммен бірге кетіп қалды. Бізге жаңа мектеп іздеуге тура келді", - дейді кейіпкеріміз.
Алайда бұл отбасының басқа жекеменшік мектеппен тәжірибесі онша сәтті болмады.
"Ол кезде ұлымыз да өсіп қалды, біз екі баланы да жекеменшік мектепке бердік. Бірақ ол мектеп тек ата-анадан барынша көп ақша шығарып алуды ғана көздейтін болып шықты. Бізге үнемі ақылы экскурсиялар мен мерекелерді ұсынатын. Сонымен қатар педагогтар құрамы да көңіл көншітпеді. Басқа мектеп іздеуге тура келді", - деп бөлісті Елена.
Ал әңгіме басында айтылған кіші қызын ол алдымен мықты педагогтары бар мемлекеттік гимназияға берген. Бірақ қатаң тәртіп сабырлы қызға жақпады: ол тұйықталып, үнемі ширығып жүретін болды. Еркін атмосферасы бар жекеменшік мектепке ауысқаннан кейін, анасының айтуынша, қызы ашылып, ұзақ уақыт бойы: "Мені ол жерден алып кеткендеріңіз қандай жақсы болды", - деп қайталап жүрген.
"Қазір үш балам да мектепті ойдағыдай бітірді, бірақ менде әлі күнге дейін қай жер жақсы деген сұраққа нақты жауап жоқ. Жекеменшік мектепте де, мемлекеттік мектепте де балаға жақсы білім беріп, қалыпты тәртіпті сақтай отырып, оған ұқыпты қарауға болады", - деп ой түйеді Елена.
Қанша қазақстандық бала жекеменшік мектепте оқиды?
Дегенмен Еленада таңдау болды. Қазақстандық отбасылардың басым көпшілігінде мұндай мүмкіндік жоқ.
Мәселен, Қаржы министрлігі мәліметінше, 2025 жылы еліміздегі 745 жекеменшік мектепте 297 мың бала білім алса, 2026/27 оқу жылында қазақстандық мектептер 4,1 миллионнан аса оқушыны қабылдаған. Демек оқушылардың шамамен жеті пайызы жекеменшік оқу орындарына барады.
Әрине, бұл шамамен алынған: мәліметтер әртүрлі кезеңдерге қатысты, ал 2026 жылға жекеменшік мектеп оқушыларының нақты саны әлі жарияланған жоқ, бірақ бұл мектептердің қолжетімділігі әлдеқайда төмен екені анық.
Бұған жекеменшік мектептердегі оқу құнының жоғарылығы себеп болуы мүмкін. Астана немесе Алматы сияқты ірі қалаларда баға айына миллион теңгеге дейін дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, тасымалдау немесе ерекше мектеп формасы секілді қосымша шығындарды талап етеді. Мұндай бюджетті, әсіресе үйде бірнеше бала болса, кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді.
Жекеменшік мектептің шығыны ақтала ма?
Қарағандылық балалар клиникалық психологы Анастасия Мотыгуля егер ата-ана мектептің мәртебесі үшін емес, балаға қажетті нақты жағдайлар: қауіпсіздік, түсіністік және жан-жақты даму мүмкіндігі үшін ақша төлесе шығын ақталуы мүмкін екенін айтады.
"Көптеген ата-ана балаларын жекеменшік мектепке ең алдымен қауіпсіздік үшін береді. Бұған қоса, бұл әдетте толық күндік мектеп болып табылады, бұл жұмыс істейтін ата-аналар үшін ыңғайлы. Бала ол жерде жай ғана кешке дейін болмайды: ол оқиды, қосымша сабақтарға қатысады және әртүрлі бағытта дамиды. Ата-аналар дәл осы үшін ақша төлейді".
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Анастасия Мотыгуля
балалар клиникалық психологы
Қауіпсіз ортаның, соның ішінде эмоционалдық ортаның өте маңызды екенін халықаралық зерттеулер де растайды.
2023 жылы School Psychology International журналында жарияланған 90 зерттеудің мета-анализі мектептегі жағымды ахуал мен академиялық үлгерім арасындағы оң байланысты көрсетті.
Тағы бір 79 мыңнан аса оқушы қатысқан 144 зерттеудің басын біріктірген мета-талдау нәтижесі бойынша, мұғалім тарапынан баланың дербестігіне қолдау көрсету оның базалық психологиялық қажеттіліктерінің өтелуі және оқуға деген ішкі уәждемесімен тікелей байланысты.
Бұл ретте Анастасия Мотыгуля ұқыпты қарым-қатынас талаптар мен шекаралардың жоқтығын білдірмейтінін түсіндіреді:
"Ұқыпты қарым-қатынас - бұл ең алдымен баланың сезімі, ерекшелігі және даму қарқыны бар тұлға ретінде тану. Бірақ бұл бетімен жіберу емес. Балаға шекараларды сақтауды, өз іс-әрекетіне жауап беруді, қателіктермен жұмыс істеуді және күш салуды үйрену маңызды".
Оның пікірінше, жекеменшік мектепте отбасы мен әкімшілік арасындағы қарым-қатынас көбінесе клиент пен ұйым ретінде құрылады. Сондықтан ата-аналардың уәде етілген шарттардың орындалуын, соның ішінде балаға құрметпен қарауды талап етуге мүмкіндігі көбірек. Дегенмен, меншік нысанының өзі бұған кепілдік бермейді: бәрі әкімшіліктің ұстанымы мен педагогтардың іріктелуіне байланысты.
Мектептегі ұқыпты қарым-қатынас пен тәртіпті ұштастыру мүмкін бе?
Балаларды әлеуметтендіру модельдерін әзірлеумен айналысатын "Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы" қоғамдық қорының директоры Салтанат Мырзалинова-Яковлева мынаған сенімді: ұқыпты тәсіл, эмпатия және баланың тұлғасына деген құрмет кез келген мектептің негізі болуы тиіс.
Сонымен қатар, ол ата-аналар, мұғалімдер, тіпті кейбір мамандар арасында кең таралған ұқыпты қарым-қатынас пен жоғары талаптарды бір-біріне қарама-қарсы қоюды қате деп санайды. Мұндай позицияны ұстанушылар жекеменшік мектепте бала "шыны құтының ішінде" қалып қояды, ал шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде оның қиындықтарына төтеп бере алмайды деп қауіптенеді.
"Тәртіп міндетті түрде қорқыныш пен жазалауға негізделмейді. Ол ересек адамға жағдайды толық көруге және баланың қай жерде қолдауға мұқтаж екенін, ал қай жерде талап қою керек екенін түсінуге мүмкіндік беретін эмпатияға негізделеді. Бірақ мұны агрессиясыз жасауға болады. Мысалы, олимпиадаға дайындалу үшін 40 сағат жұмыс қажет болса, ал оқушы сабақтарды үнемі өткізіп алса, ол біздің дайындалып үлгермейтінімізді түсінуі керек. Бұл жаза емес, оның өз таңдауының заңды салдары".
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Салтанат Мырзалинова-Яковлева
қоғамдық қор директоры
Оның айтуынша, бұл тәсіл қордың инклюзивті мектебінде қолданылады, онда оқушылардың шамамен 30 пайызы - ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар. Нейроәртүрлілік педагогтарды коммуникация мен оқытудың түрлі тәсілдерін іздеуге мәжбүр етеді.
"Мектепте тәртіп, жүйе мен талаптар сақталады, бірақ қатаңдық қатыгездікке айналмайды. Біз орынсыз мінез-құлыққа көз жұмбаймыз, керісінше балаға ненің дұрыс емес екенін түсіндіріп, жағдайды еңсеруге көмектесеміз", - дейді кейіпкеріміз.
Мысал ретінде Мырзалинова-Яковлева мектеп түлектерінің бірі туралы айтып берді. Мінез-құлық ерекшеліктеріне (Зейін тапшылығы және гиперактивтілік синдромы - ЗТГС) байланысты ол бұған дейін басқа оқу орындарынан шығарылған: балаға сабақта үндемей отыру қиын болған, ол ойындағысын ашық айтып, педагогтың талаптарын орындаудан бас тарта алатын. Жаңа мектепте де оның мінез-құлқы әрдайым қабылдана бермеді, бірақ сынды оның тұлғасы және қабілетімен байланыстыруды тоқтатты.
"Біз оған ашық айттық: қазіргі жүріс-тұрысың бізге ұнамайды. Бірақ бұл сенің ақылды әрі қабілетті екеніңді жоққа шығармайды. Нәтижесінде ол мектепті бітіріп, техникалық университетке грантқа түсті, - деп еске алады ол. - Ал мектеп бітіру кешінде мұғалімдерге: "Біз бәріміз әртүрліміз. Бізді алаламай қабылдағандарыңыз үшін рақмет" деді".
Сарапшының пікірінше, мұндай тәсіл тек жекелеген жекеменшік немесе инклюзивті мектептердің артықшылығы болып қалмауы тиіс, өйткені ізгілік - мектептің меншік нысанына қарамастан, кез келген педагогиканың негізі.
Неге мемлекеттік мектептерде балаларға ұқыпты қарым-қатынасты қамтамасыз ету қиынырақ?
Дегенмен мемлекеттік мектеп мұғалімдері жанжалдарды байыппен шешіп, әр баланың ерекшелігін ескеріп, айғай-шусыз және қысымсыз қарым-қатынас орната алуы үшін оларда уақыт, күш-жігер және әкімшілік қолдауы болуы керек. Қазіргі таңда гуманды қарым-қатынас мұғалімнің өзінен ғана талап етіледі, бірақ оның шамадан тыс жүктемесі мен кәсіби қажуына әкеп соғатын жағдайлар өзгеріссіз қалып отыр.
Мектеп психологы Ольга Костенконың айтуынша, мемлекеттік мектептерде отбасылар оқу ақысын тікелей төлемесе де, кейбір ата-аналар педагогты тек сабақ беріп қана қоймай, сонымен бірге баланың тамақтануын, дұрыс киінуін және заттарын жоғалтпауын қадағалауы тиіс қызмет көрсетуші персонал ретінде қабылдайды.
"Мемлекеттік мектепте жұмыс істегенге дейін мен де мұғалімдердің ашушаңдығы мен көпшілік алдында ескерту жасауын олардың кәсіби дайындығының төмендігінен немесе қажып кетуінен деп түсіндіретінмін. Алайда, жүйенің ішінде бір жарым жыл жұмыс істегеннен кейін көзқарасым өзгерді".
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Ольга Костенко
мектеп психологы
Оның сөзінше, мемлекеттік мектеп мұғалімдері өте жоғары жүктеме жағдайында жұмыс істейді.
Егер екі баланың арасында кикілжің туындаса, педагог әрқайсын жеке тыңдап, мән-жайды анықтап, содан кейін оқушылардың өзара келісуіне көмектесуі керек. Бірақ бұл процестің барлығына оның уақыты мүлдем жетпейді.
"Педагогтің басшылығы, есептілігі, сабаққа дайындығы және бүкіл сыныпты ұйымдастыру міндеті бар. Сонымен қатар, кез келген ата-ана оған өз сұрағы немесе шағымымен жаза алады. Әр тараптан мазалай бергенде, сабыр сақтап, әр балаға жеткілікті көңіл бөлу өте қиын", - деп түсіндіреді Костенко.
Оның бақылауы бойынша, жекеменшік мектептерге бұл жүктемені бөлу оңайырақ. Сыныпта бала саны аз, ал ұйымдастыру мәселелері және даулы жағдайлармен мұғаліммен бірге ассистенттер айналысады. Осылайша, ол тікелей оқытуға және балалармен тіл табысуға назар аударуға мүмкіндік алады.
"Әрине, бұл балаға дөрекілік көрсетуді немесе оны қорлауды мұғалімнің жүктемесімен ақтауға болады дегенді білдірмейді. Дегенмен, егер жүйенің өзі педагогқа уақыт, қолдау және міндеттердің нақты бөлінісін бермесе, әрдайым сабырлы болуды талап ету шынайылыққа жанаспайды. Нәтижесінде, мемлекеттік мектептегі ұқыпты қарым-қатынас көбіне жұмыс жағдайына емес, нақты мұғалімнің жеке күш-жігері мен кәсібилігіне байланысты болып қалады", - деп толықтырды сұхбат беруші.
Сонымен қатар, Ольга Костенко мектептерді "ұқыпты" жекеменшік және "қатал" мемлекеттік деп нақты бөлуден сақтандырады. Оның айтуынша, бәрі ең алдымен нақты педагогқа байланысты: мемлекеттік мектептерде балалармен сыйластық қарым-қатынас орната алатын мұғалімдер, ал жекеменшік мектептерде дауыс көтермей-ақ балаға зиян келтіретіндер кездеседі.
"Қорлау үшін айқайлау міндетті емес. Кейде бүкіл сынып бұл оқушының "басқалардан ерекше" екенін түсінуі үшін интонация, кішігірім қимыл немесе тұрақты наразылық жеткілікті. Мен мұғалімдердің өздері балаларға қысым көрсетпегенімен, оқушылар арасындағы қорлауды тоқтатпаған жекеменшік мектептерді де көрдім. Сондықтан мектептің меншік нысаны өздігінен ештеңеге кепілдік бермейді", - дейді Костенко.
Ол бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолын процестің барлық қатысушысына: оқушыларға, мұғалімдерге және ата-аналарға ортақ нақты ережелерден көреді. Оқу жылының басында мектеп пен педагогтар отбасылармен қалай өзара әрекеттесетіні туралы келісіп алуы керек. Оның айтуынша, мұндай шекаралар мұғалімді тұрақты қысымнан, ал балаларды шамадан тыс жүктелген ересек адамның ашуы мен эмоционалдық күйзелістерінен қорғауға көмектеседі.
"Ұқыпты қарым-қатынас мұғалімнің эмоционалдық күйінен де басталады. Педагог үшін өз бойындағы ашу-ызаны байқап, оны жеңе білу маңызды. Бірақ ол үшін оның айналасында да қауіпсіз орта болуы тиіс: түсінікті ережелер, әкімшіліктің қолдауы және ата-аналар тарапынан құрмет", - деп түйіндеді психолог.
Осы тұста 2025 жылы Оқу-ағарту министрлігі халықаралық олимпиадаларда ең жоғары нәтижелерді көбіне мамандандырылған және жекеменшік мектеп оқушылары көрсететінін атап өтті. Орта білім комитеті бұл үрдісті дайындық тілімен түсіндірді: халықаралық олимпиада тапсырмалары ағылшын тілінде жасалады, ал кез келген мемлекеттік мектепте оқушыларды бұл тілде дайындай алатын педагогтар табыла бермейді.
Дегенмен, біздің сарапшылардың пікіріне сүйенсек, себеп тек ағылшын тілін білуде ғана емес болуы мүмкін. Мүмкін, егер мемлекеттік мектеп мұғалімдерінің жүктемесін азайтып, оларды артық қысымнан қорғап, қажетті қолдаумен қамтамасыз етсе, олардың оқушыларында да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге көбірек мүмкіндік пайда болар еді.
Авторы: Лилия Гайсина
Аударған: Дина Шәріпхан