Ақтаулық сарбаз Ақтөбедегі әскери бөлімде соққыға жығылғанын айтты
Ақтаудан әскерге шақырылып, Ақтөбеде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз ауруханаға түсті. Ол видеоүндеу жазып, әскери бөлімде сержанттардың өзін бірнеше рет ұрғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, оның 18 жасар ұлы Досымбет биыл 3 шілдеде әскерге шақырылып, қазір Ақтөбедегі Ұлттық ұланның № 6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жүр.
Әйелдің айтуынша, 4 қыркүйекте оған Ақтөбедегі ауруханадан қоңырау шалынып, ұлының үш күннен бері ем алып жатқанын хабарланған.
Алғашында сарбазды уролог тексерген, алайда талдаулардан инфекция анықталмаған. Кейін травматолог шақырылған. Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, дәрігер қуықтағы мәселені алған жарақатпен байланыстырған.
Дәрігермен сөйлескеннен кейін жігіт анасына әскери бөлімде ара-тұра соққыға жығылып жүргенін айтқан. Сарбазбен сөйлескен травматолог полиция шақырған. Жауынгер арыз жазды. Кейін анасымен видеобайланысқа шыққан кезде, полиция бөлімінде отырған сарбаз өзін аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын мәлімдеген.
Әскери қызметшінің анасы туыстарымен бірге Ақтаудан Ақтөбеге дереу жолға шықпақ.
"Қазір көп адамның баласы әскерде жүр. Ақтөбедегі осы әскери бөлімде не болып жатқанын тексеріп, істі көпшілікке жария етулеріңізді сұраймыз", - деді сарбаздың анасы.
Журналистер әскери бөлімге хабарласқан. Онда Досымбет Еркебұланның бөлімде қызмет ететіні және қазір ауруханада жатқаны расталды. Редакция Қазақстан ІІМ-не ресми сауал жолдады.