“Шығу тегі әлі күнге дейін жұмбақ“. Қазақстандықтар қыркүйекте сирек жұлдыз жаууын тамашалай алады
Қыркүйекте Қазақстан тұрғындары эпсилон-Персеидтерді тамашалай алады. Бұл – белсенділігі 10 қыркүйекке қараған түні шыңына жететін аса танымал емес метеорлар ағыны. Биыл бақылау үшін жағдай өте қолайлы болмақ: Айдың жарығы метеорларды көруге кедергі келтірмейді, - деп хабарлайды Tengri Life.
Қыркүйектегі эпсилон-Персеидтердің ең жоғары белсенділігі қашан болады?
Фесенков атындағы Астрофизика институтының маманы Светлана Мошкинаның айтуынша, ағын 5-21 қыркүйек аралығында белсенді болады.
Ең жоғары белсенділік 10 қыркүйекке қараған түні күтіледі. Көруге мінсіз жағдай болса, сағатына сегізге дейін метеорды байқауға болады.
Ағынды қашан тамашалау керек?
Ағынды Астана уақытымен шамамен 22:00-ден 24:00-ге дейін бақылаған жөн. Ол үшін телескоптың қажеті жоқ: аспан анық көрінетін, қаланың жарығынан алыс жер таңдап, көздің қараңғыға үйренуіне бірнеше минут уақыт берсе жеткілікті.
Биыл бақылау жасауға Ай да "көмектеседі": ағынның шыңы жаңа ай туар алдындағы кезеңге сәйкес келеді, сондықтан оның жарығы айтарлықтай кедергі келтірмеуі тиіс.
Неге Персеидтер деп аталады?
Қыркүйектегі эпсилон-Персеидтер өз атауы радианттың – метеорлар ұшып шыққандай көрінетін аспандағы нүктенің орналасуына байланысты. Ол Персей шоқжұлдызында орналасқан. Сонымен қатар, бұл ағынды әлдеқайда танымал тамыздағы Персеидтермен шатастырмаған жөн: бұл екеуі екі бөлек метеорлар ағыны.
Қыркүйектегі ағынның ерекшелігі – оның шығу тегі әлі күнге дейін жұмбақ. Қыркүйектегі эпсилон-Персеидтердің негізгі денесі анықталған жоқ. Ғалымдар бұл ағын беймәлім ұзақ кезеңді кометамен байланысты болуы мүмкін деп болжайды.
Қыркүйектегі эпсилон-Персеидтер әйгілі тамыз Персеидтері сияқты қарқынды емес, дегенмен олардың пайда болуы – күздің басында түнгі аспанға көз салуға жақсы себеп.