Ұлдана Мырзуанның өлімі: куәгер қайғылы оқиға болған үйде жарықтар пайда болғанын айтты
Валерия Самсонованың айтуынша, жүргізілген сараптама нәтижесінде үйге апаттылықтың төртінші дәрежесі беріліп, ол апатты жағдайдағы нысан деп танылған. Куәгер кірпіш қалауындағы ақаулар, арматуралық тордың, бекіткіштер мен ерітіндінің жоқтығы туралы айтып берді.
"Осы үйде 20 жылдан астам уақыт тұрып келемін, кез келген сәтте қабырға құлап кетуі мүмкін екенін білмеппін. Тіпті есеңгіреп қалдым. Егер бастапқыда осындай ақаулар болса, бұл үйді қалай салып, қалай қабылдап алған?", - деді Самсонова.
Оның сөзінше, қасбет қаптамасы құлағаннан кейін үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болған. Сондай-ақ куәгер қасбет бұдан да ертерек құлауы мүмкін еді деген пікірін білдірді.
Үй тұрғыны нысанның құрылымын қалпына келтіру және нығайту қажеттігін мәлімдеді. Алайда, оның сотқа берген жауабына сүйенсек, тұрғындардың қажетті жұмыстарды өз күштерімен жүргізуге қаражаты жеткіліксіз.
"Егер қазір қалпына келтіру шаралары қолға алынбаса, жарықтар әрі қарай ұлғая береді. Тұрғындарда мұның бәрін жинайтындай соншалықты ақша жоқ. Біз маман емеспіз ғой, үйдің бастапқыда дұрыс салынбағанын және осындай ақаулары бар екенін өзіміз анықтай алмаймыз", - деп толықтырды ол.
Валерия Самсонов екінші кіреберіс нығайтылғаннан кейін бірінші кіреберісте де жарықтар пайда болғанын атап өтті.
"Қазір келіп көрсеңіздер болады - бізде жарықтар бар. Ал бұған дейін мұндай жарықтар болмаған еді. Екінші кіреберісті нығайтқан соң, бізде - бірінші кіреберісте де жарықтар пайда болды", - деп қосты куәгер.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы тікелей эфирде өтетіні хабарланған болатын. Трансляцияны мына жерден көруге болады: YouTube-арнамыздан Tengrinews.kz сайтынан көруге болады.
Өткен отырыстарда не болды?
18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталды фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
20 тамызда сотталушының адвокаты судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді, алайда бұл өтініш қабылданбай, процесс жалғасты.
фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел сотта жауап берді. Ер адам жұбайы қайғылы жағдайға ұшыраған күн туралы баяндады. Сондай-ақ ол сотқа жұбайының қазасы туралы қалай білгенін және әкімдікте алған 20 миллион теңге туралы хабарлады.
Сондай-ақ оның анасы да жауап берді. Әйелдің айтуынша, өз қызын танымай қалғанын ауруханаға барған кезде белгілі болған. Сонымен қатар жәбірленуші құдағиының әкімдіктен берілген көмек қаржының 4,5 миллион теңгесін қайтаруды талап еткенін жеткізді.
Одан бөлек, қайғылы оқиға болған күні Ұлдана Мырзуанмен шақырту орнына келген фельдшер Дильназ Байзақова да сотта жауап берді. Оның айтуынша, Ұлдананың "сау тамтығы қалмаған. Тағы бір жәбірленуші Гүлнар Қалиева сол күні "кірпіштер жаңбырша жауғанын" айтты.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот тікелей эфирде өтетіні хабарланды. Трансляцияны YouTube-арнамыздан және Tengrinews.kz сайтынан көруге болады.
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олар №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Бір пациенттің жағдайы өте ауыр болды, оған ота жасалды. Тағы екі адам жансақтау бөлімінде жатты, дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Қалған екі адам бөлімшеге орналастырылды, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Ең ауыр жарақат алған пациент - оқиға орнына жеткен жедел жәрдем фельдшері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан болып шықты. Қыздың туыстарының айтуынша, ол зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке ұмтылған. Олардың арасында бала, оның анасы және туысы болған. Ұлдана зардап шеккендерге қарай жүгірген кезде, "үстіне кірпіш мен кондиционердің бекіткіші құлаған". 18 қарашада ол ауруханада көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы "Сапасыз құрылыс" бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейін істе тағы бір бап пайда болды – 306-бап "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету".
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды ерлігі, жанқиярлығы және міндетін үлгілі атқарғаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Қазақстандықтар жедел жәрдем фельдшерімен қалай қоштасқаны туралы мына материалда.