“Қазгидромет“ Астана мен тағы үш қаланың тұрғындарына ескерту жасады
"Қазгидромет" өзінің ресми сайтында Астана тұрғындары мен елдің батысындағы тағы үш қалаға арналған ескерту жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ақпарат сәрсенбі күнгі ауа сапасының болжамына қатысты.
"2 қыркүйекте Орал, Ақтөбе қалаларында, түнде - Атырауда, күндіз Астанада қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі", - делінген хабарламада.
Ауаның ластануы түріндегі қолайсыз метеожағдайлар - бұл атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (штиль, әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
Синоптиктердің болжамы бойынша, Астанада күн райы құбылмалы болады, жауын-шашын күтілмейді. Солтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысады, жылдамдығы түнде 7-12, күндіз секундына 2-7 метр. Ауа температурасы түнде 1-3 градус жылы, топырақ бетінде 1 градус үсік жүреді, күндіз 15-17 градус жылы болады.
Ақтөбеде күн райы құбылмалы, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыстан, батыстан секундына 3-8 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 9-11 градус жылы, күндіз 27-29 градус жылы.
Атырауда аспан шағын бұлтты, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы түнде 2-7, күндіз секундына 5-10 метр. Ауа температурасы түнде 12-14 градус жылы, күндіз 28-30 градус жылы.
Оралда күн райы құбылмалы, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыстан секундына 5-10 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 9-11 градус жылы, күндіз 27-29 градус жылы.
Тағы оқыңыз: Түнде үсік жүріп, күндіз найзағай ойнайды: Астана мен Алматыда ауа райы өзгереді