Қазақстанда жәрдемақы алғаннан кейін жұмысқа шығу: іс-қимыл алгоритмі
Жұмысқа тұрғаннан кейін жәрдемақы мен жұмыссыз мәртебесі не болады, бұл туралы жұмыспен қамту орталығына хабарлау қажет пе және жұмыс берушінің қосымша міндеттемелері туындай ма - Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
"Неге жұмыс беруші уақытын шығындауы керек": не болды?
Танымал әлеуметтік желіде жаңа қызметкерді жұмысқа алғаннан кейін күтпеген жағдайға тап болған жұмыс берушінің жазбасы жарияланды. Автордың айтуынша, компания ол адамның жұмыссыз ретінде есепте тұрғанын және әлеуметтік төлем алып жүргенін білмеген.
Кейін жұмыс берушіге Жұмыспен қамту орталығының қызметкері қоңырау шалған.
"Бізге Жұмыспен қамту орталығында бос жұмыс орнын ашу керек екенімізді айтты, содан кейін олар оның ЖСН-ін біздің бос жұмыс орнына байланыстырып, сол арқылы оны жұмыссыз ретінде есептен шығара алады екен. Ал біздегі бос жұмыс орны болмаса, олар одан жұмыссыз мәртебесін алып тастай алмайды", – дейді автор.
Жазба авторы компания қызметкерді өзі тауып, жұмысқа қабылдаса, бұл рәсімге неге қатысуы керек екеніне таңданыс білдірді.
Сондай-ақ ол қызметкердің бұрынғы жұмыссыз мәртебесіне байланысты жұмыс берушіде міндетті төлемдер бойынша қосымша қиындықтар туындамай ма деп сұрады.
Пікір қалдырушылар еңбек шарты жасалғаннан кейін жұмыссыз мәртебесі автоматты түрде өзгеруі тиіс екенін атап өтті.
Басқалары Жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналасуды өз жүйесі арқылы рәсімдеу үшін жұмыс берушіден бос жұмыс орнын жариялауды сұраған болуы мүмкін деп болжады.
Жұмыссыздық бойынша есептен қалай шығарады: Еңбек министрлігі не дейді?
Еңбек министрлігі Tengrinews.kz-ке бұл процесс автоматтандырылғанын түсіндірді. Жүйе электрондық еңбек шарты мен зейнетақы жарналары туралы деректерді алып отырады.
Яғни, адам жұмысқа қабылданғаннан кейін, оны жұмыссыз ретінде есептен шығару үшін жұмыс берушіге арнайы бос жұмыс орнын ашудың қажеті жоқ.
Бұл ретте қызметкердің өзі 5 жұмыс күні ішінде мансап орталығына жұмысқа орналасқаны туралы хабарлауы тиіс. Бұны жазбаша немесе онлайн жасауға болады.
"Хабарламаған жағдайда, міндетті зейнетақы жарнасы түскенде немесе электрондық еңбек шарты жасалғанда жұмыссыз есептен шығарылады", – деп хабарлады министрліктегілер.
Демек, адам жаңа жұмысы туралы өзі хабарламаса да, жүйе еңбек шарты немесе зейнетақы жарналары туралы мәлімет түскен соң оны есептен шығара алады.
Егер қызметкер жұмыссыздық бойынша төлемді ала берсе не болады?
Ресми жұмысқа орналасқаннан кейін адамның жұмыссыздық бойынша төлем алу құқығы тоқтайды. Бірақ жаңа жұмыс туралы мәліметтер кешігіп түссе, ақша аударыла беруі мүмкін. Мұндай жағдайда артық төленген ақшаны қайтаруға тура келеді.
"Егер азамат жұмысқа орналасқаны туралы уақтылы хабарламай, артық төлем алып қойса, МӘСҚ артық төленген ақша сомасын өндіріп алу рәсімін бастайды", – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.
Министрлік жұмыс беруші де еңбек шартын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде уақтылы тіркеуі тиіс екенін айтты. Мемлекеттік органдар жұмысқа орналасу туралы ақпаратты осы жүйеден алып, төлемді тоқтатады.
Жұмыс берушіні жазалауы мүмкін бе?
Еңбек министрлігі қызметкердің жұмыссыздық есебінен уақтылы шығарылмағаны үшін жұмыс беруші жауап бермейтінін атап өтті.
Дегенмен, жұмыс берушінің басқа міндеті бар – ол бос жұмыс орны пайда болғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде бұл туралы ақпаратты электрондық еңбек биржасына орналастыруы керек. Мұндай талап Әлеуметтік кодексте бекітілген.
Егер бұлай істемесе, жұмыс берушіге ескерту жасалуы мүмкін. Құқықұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл қарастырылған.
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы
2026 жылдың қаңтарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жұмыссыздар статистикасын ұсынды.
Былтыр Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 354,2 мың адам алды. Оның 311,9 мыңына төлем жыл ішінде тағайындалған. Бұл мақсатқа 130,4 миллиард теңге бағытталды.
Қазақстандықтар арасында жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу тақырыбы қызу талқыланды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде айына 400 мың теңгеден астам ақша алатынын айтып, басқаларды да өтінім беруге шақырған жазбалар тараған болатын.
Бұған дейін Tengrinews.kz мұндай төлемді кімдер ала алатынын және мөлшері қанша болатынын талдаған. 2026 жылы төлемнің ең жоғары мөлшері айына 348 075 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Оның мөлшері мен төленетін мерзімі адамның табысы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.
Тағы оқыңыз: Еңбекмин жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу мерзімінің қысқаруына қатысты пікір білдірді