Олжас Бектенов Қазақстан Премьер-министрі болып қайта тағайындалды
Олжас Бектенов қайтадан Қазақстан Премьер-министрі қызметіне тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.сілтеме Ақордаға сілтеме жасап.
«Бектенов Олжас Абайұлы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалсын», — делінген құжат мәтінінде.
Еске сала кетейік: Құрылтайдың жаңа құрамы сайланғаннан кейін Бектенов үкіметі белгіленген рәсімге сәйкес өкілеттігін доғарған болатын.
Бүгін таңертең Құрылтай депутаттары Қазақстанның Вице-президенті мен Премьер-министрі лауазымдарына кандидаттарды келісу үшін жиналды. Үкімет басшысы лауазымына Тоқаев Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Дауыс беруге 144 депутат қатысты. Бектеновтің кандидатурасын 137 депутат қолдап, жетеуі қалыс қалды. Қарсы ешкім дауыс берген жоқ. Осылайша, Олжас Бектенов Премьер-министр лауазымын сақтап қалды.
Олжас Бектеновтің өмірбаяны
Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (қазіргі Maqsut Narikbayev University) үздік тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы қаласының әділет басқармасында бастап, кейін Премьер-министр кеңсесіне ауысқан.
2006–2009 жылдары Президент Әкімшілігінде, 2009–2012 жылдары Әділет министрлігінде жұмыс істеді. 2012–2014 жылдары Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратының департаментін басқарды.
2015 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін Астана қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасын басқарды. 2015–2016 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісі болды.
2016–2017 жылдары Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментін басқарды. 2017–2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2018 жылдың маусымында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2019 жылдың маусымынан 2022 жылдың ақпанына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары болды, ал 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарды.
2023 жылғы 3 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Бектенов Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысы Олжас Бектеновті Премьер-министр етіп тағайындады.