Тоқаев Құрылтай депутаттарына қандай талап қойылатынын айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысын бастағаннан кейін елде қандай өзгерістер болуы мүмкін екеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысынан Құрылтай іске кіріскен соң қандай өзгерістер күтілетіні және жаңа заң шығарушы орган, оның ойынша, ең алдымен қандай заңдарды қабылдауы керегін сұрады. Сондай-ақ, журналист Құрылтай депутаты қандай қасиеттерге ие болуға тиіс және сайлаушылар алдында қандай жауапкершілік арқалауы керек деген сауал қойды.
Президент жаңа бір палаталы Парламенттің құрылуы Қазақстан үшін тарихи маңызы зор оқиға екенін атап өтті. Ол Құрылтайдан үлкен үміт күтетінін және жаңа заң шығарушы орган елдің дамуына тың серпін береді деп сенетінін айтты.
"Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан жаңа Парламентті сайлап жатыр
Бүгін Қазақстанда бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл – 1991 жылдан бергі елдегі оныншы парламенттік сайлау. Сондай-ақ, бұл – Мәжіліс пен Сенат қызметін тоқтатып, депутаттары таратылған жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.