Екі жұмысшы құдықта есінен танған: құтқару сәті видеоға түсіп қалды
Оқиға 20 тамызда сағат 14:30 шамасында тұрғын үйлер бірінің маңында болған. "Молодежный" КМК-ның екі қызметкері кәріз құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізген. Ер адамдардың бірі құдыққа түсіп, көп ұзамай есінен танып қалған. Екіншісі оған көмектеспек болғанымен, ол да есінен айырылған. Болып жатқан жайтты Ұлан ауданының криминалисі, полиция капитаны Әсет Нағашбаев байқап қалған. Ол дереу учаскелік инспектор, полиция майоры Нұрдәулет Тетеповке хабар берген.
Полицей оқиға орнына келіп, арқан сұратып алып, оны бекітіп, құдыққа түскен. Ол алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін алып шықты.
Екі ер адам оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Полиция хабарламасында олардың жағдайы нақтыланбаған.
Полиция тәртіп сақшыларының жедел әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектескенін атап өтті.
Суретте полицейлер Әсет Нағашбаев (сол жақта) және Нұрдәулет Тетепов (оң жақта). ШҚО ПД фотосы