Жүргізушілерде міндетті медициналық тексеру нормасына қатысты сұрақ туындады: Денсаумин не дейді?
Tengri Auto редакциясына мүгедектігі бар және 65 жастан асқан жүргізушілер үшін міндетті медициналық тексеруге қатысты сұрақтармен оқырмандар жүгінді.
Олардың бірінің айтуынша, дәрігерлерге екі жылда бір рет қаралу керек, бұл рәсім уақытты алады және қосымша шығындарды талап етеді.
"Тексеруден өту 4-5 мың теңге тұрады, тағы 9 100 теңге наркологиялық және психоневрологиялық диспансердің анықтамасы үшін төленеді. Емханада дәрігерлерден өтіп, содан кейін диспансерге барып, соңында соңғы мөр үшін қайтадан емханаға бару керек. Менің жәрдемақым небәрі 60 мың теңге", - дейді оқырман.
Айта кетейік, 25 тамыздан бастап Қазақстанда міндетті медициналық тексеруге қатысты өзгерістер күшіне енеді.
Бұл ретте мүгедектігі бар жүргізушілер үшін одан өту міндетінің өзі бұрыннан бар жаңалық емес. Қолданыстағы ережелер осы санаттағылар үшін екі жылда бір рет қайталама медициналық тексеруді қарастырады.
25 тамыздан басталатын өзгерістер медициналық тексеруден уақтылы өтпеудің салдарына қатысты: бұл жүргізуші куәлігінің қолданысын тоқтатуға негіз болады.
Tengri Auto Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық тексеру құны, жеңілдіктер және процедураны жеңілдету мүмкіндігі туралы сұрақтармен жүгінді.
Медициналық тексеру неге ақылы?
Денсаулық сақтау министрлігі №073/у нысаны бойынша анықтама алу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне және (немесе) МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек тізбесіне кірмейтінін түсіндірді.
Сондықтан медициналық тексеру Кодекстің 202-бабының 1-тармағына сәйкес ақылы негізде көрсетілетін мемлекеттік қызмет саналады.
Анықтама. 202-бап, 1-тармақ: ақылы негізде ұсынылатын медициналық көмек (ақылы медициналық қызметтер) денсаулық сақтау субъектілерімен стандарттарға сәйкес шарттық негізде көрсетіледі.
Бұл ретте қызмет құнын Денсаулық сақтау министрлігі белгілемейді. Ол аймаққа және нақты медициналық ұйымға байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Яғни, мұндай медициналық тексеруге Қазақстан бойынша бірыңғай баға жоқ. Құнын медициналық ұйымның өзі белгіленген талаптарға сәйкес анықтайды.
Мүгедектігі бар және 65 жастан асқан адамдар үшін жеңілдіктер бар ма?
Министрлік мүгедектігі бар жүргізушілер үшін медициналық тексеруден өтуге бөлек жеңілдіктер, шегерімдер, өтемақылар немесе тегін өту заңнамада қазіргі уақытта қарастырылмағанын хабарлады.
Сонымен қатар медициналық ұйымдар азаматтардың жекелеген санаттарына өз бетінше жеңілдіктер бере алады. Бұл ұйымның ішкі құжаттарына және бекітілген бағанамаға сәйкес мүмкін болады.
Осылайша, мүгедектігі бар адам үшін жеңілдіктің болуы нақты медициналық ұйымға байланысты.
Медициналық тексеруден қанша уақыт сайын өту керек?
Қайталама медициналық тексеруден өту мерзімдері келесідей:
жолаушыларды немесе қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын механикалық көлік құралдарының жүргізушілері әр үш жыл сайын, ал 50 жасқа толғаннан кейін жыл сайын қайталама медициналық тексеруден өтеді;
65 жасқа толған механикалық көлік құралдарының жүргізушілері, сондай-ақ мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет қайталама міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс.
Жүргізушілер медициналық тексеріс кезінде қандай дәрігерлерге қаралады?
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізушілер медициналық тексеріс кезінде мына мамандарға қаралатынын айтты:
жалпы практикалық дәрігер (немесе учаскелік терапевт),
психиатр,
офтальмолог,
отоларинголог (ЛОР-дәрігер).
Олар медициналық ұйымда тексеріс жүргізу үшін құрылатын арнайы дәрігерлік комиссияның құрамына кіреді. Мамандар тиісті тізбеде қарастырылған аурулардың бар-жоғын тексеру үшін зерттеу жүргізеді.
Медициналық тексеруден өту жеңілдетіле ме?
Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі процедураның өзін жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатыр.
"Міндетті медициналық тексеруден өту процедурасын жеңілдету мәселелері, соның ішінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтерін пайдалану және қызмет көрсетудің цифрлық форматын одан әрі дамыту заңнаманы жетілдіру шеңберінде қарастырылып жатыр", - деп жауап берді ведомство.
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, бұл қызметке сұраныс жоғары. 2024 жылы Қазақстанда № 073/у нысаны бойынша 98 080 медициналық анықтама, 2025 жылы - 301 881, ал 2026 жылдың жеті айында - 270 513 анықтама берілген.
Орталық алушылардың санаттары бойынша бөлек статистика жүргізілмейтінін нақтылады.
Сондықтан қолда бар мәліметтер бойынша мүгедектігі бар жүргізушілердің, 65 жастан асқан жүргізушілердің және көлік жүргізу құқығын алғаш рет рәсімдеп жатқан азаматтардың қанша анықтама алғанын анықтау мүмкін емес.