Енді мобильді операторлар тарифті аяқ астынан көтере алмайды
20 тамыздан бастап Қазақстанда ұялы байланыс қызметтері құнының көтерілуі туралы абоненттерді хабардар ету ережесі өзгереді. Операторлар тарифтің жоспарланған қымбаттауы туралы клиенттерге кемінде екі ай бұрын ескертуге міндетті болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тарифтің көтерілетіні туралы 60 күн бұрын ескертіледі
Егер ұялы байланыс операторы тариф құнын өзгертуді жоспарласа, ол бұл туралы абонентке кемінде 60 күнтізбелік күн бұрын хабарлауы тиіс. Тиісті норма байланыс саласындағы заңнамаға енгізілген түзетулерде қарастырылған.
Хабарлама абоненттік нөмірге SMS арқылы келуі тиіс. Сонымен қатар операторлар алдағы өзгеріс туралы ақпаратты өздерінің интернет-ресурстарында жариялауы қажет.
Осылайша, абоненттер қызмет құнының алдағы өсімі туралы алдын ала біліп, жаңа шарттармен танысуға екі ай уақыт алады.
Бұрын қалай болды?
Жаңа талап нақты хабардар ету мерзіміне қатысты. Операторлардың тарифтік жоспарлар құнын қайта қарау құқығы жойылмайды.
Яғни, ұялы байланыс операторы қызмет құнын бұрынғысынша өзгерте алады, бірақ ол туралы клиенттерге алдын ала - кемінде 60 күн бұрын хабарлауы тиіс.
Бұған дейін алдын ала хабарлау мерзімі 30 күнтізбелік күн болатын. Енді ол екі есе артады.
Тағы қандай өзгеріс енгізіледі?
Өзгерістер 2024 жылғы 19 маусымдағы телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту туралы заңда қарастырылған. Жаңа нормалардың негізгі бөлігі 20 тамызда күшіне енеді.
Тарифтер туралы хабарлаудың жаңа ережесінен бөлек, осы күннен бастап ұялы байланыс саласында өзге де өзгерістер енгізіледі. Смартфондарды верификациялау талаптары күшейтіледі, сатушылар құрылғыларды сатпас бұрын тексеруге міндетті болады, ал ұялы байланыс қызметтеріне шарт жасау абоненттің биометриялық сәйкестендіруін талап етеді.
Сондай-ақ операторлар әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшалармен тәулік бойы және тарифтелмейтін байланысты қамтамасыз етуі тиіс. Мұндай қосымшалар тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
Ұялы байланыс құны мәселесі бұған дейін Парламентте көтерілген болатын. Мамырда мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев 2022 жылдан бастап жекелеген операторларда тариф 3-тен 300 пайызға дейін, басқаларында 14–75 пайызға өскенін айтқан.
Тағы оқыңыз: “Сапалы деп санаймын“: Мәдиевке Қазақстандағы интернет туралы сұрақ қойылды