Парсы шығанағы елдерінде Трампқа наразылық артып келеді - БАҚ
Парсы шығанағы елдерінде Ақ үйдің Иранмен арадағы қақтығысты реттей алмайтынына қатысты қауіп күшейіп, Вашингтонға деген наразылық артып келеді. Бұл туралы араб және батыс шенеуніктеріне сілтеме жасаған The Washington Post басылымы жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"АҚШ одақтастары президент Дональд Трамптың Иранмен бейбіт келісімге келу үшін дипломатиялық шешімді қамтамасыз ете алмайтынына көбірек алаңдай бастады", - делінген мақалада.
Газет дереккөздері Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Кувейт және Бахрейн үкіметтері Трамп әкімшілігінің әрекеттеріне "ортақ наразылық" білдіріп отырғанын атап өтті.
"Трамп бұл соғысты бастады, ал зардабын біз тартып жатырмыз", - деді Парсы шығанағы елдерінің бірінің шенеунігі.
Оның айтуынша, АҚШ-қа деген наразылық 2026 жылдың ақпанында Иранмен соғыс басталғаннан бергі ең жоғары шегіне жеткен.
Күшейіп келе жатқан наразылық кейбір елдерді өз аумақтарында АҚШ-тың ірі әскери нысандарын орналастырудың қаншалықты орынды екенін талқылауға мәжбүр етті. Дегенмен, Вашингтон әлі де Парсы шығанағы елдері үшін қауіпсіздік саласындағы негізгі серіктес және қару-жарақ жеткізуші басты ел болып қала береді, ал олардың алдында нақты балама жоқ, деп жазады WP.
Парсы шығанағы елдерінің бірінің өкілі олар үшін жалғыз жол - АҚШ-пен одақтастықты нығайту екенін атап өткен.
"Не істесек те, біз Америка Құрама Штаттарына "жоқ" деп айта алмаймыз", - деді басылым сұхбаттасушысы.
Еуропалық шенеуніктің сөзінше, өткен аптада Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан арасында қорғаныс келісіміне қол қойылуы "АҚШ-қа ишара" болды. Осылайша, бұл үш ел "қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы серіктестік қарым-қатынастарын әртараптандыруға тырысып жатыр".
Ақ үй өкілі Трамптың Парсы шығанағындағы АҚШ-тың барлық серіктесімен қарым-қатынасы "өте жақсы" екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, "террорлық әрекеттерінің салдарынан Иран бұрын-соңды болмаған оқшаулауда қалды".
Парсы шығанағы сегіз елді шайып жатыр: Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) және Оман. Катар мен Бахрейнде АҚШ-тың ірі әскери базалары орналасқан. Кейінгі айларда олар бірнеше рет Иранның шабуыл нысанасына айналды.