Зейнетақы шегі өскелі ипотекаға сұраныс қалай өзгерді? Отбасы банк басшысы жауабы
Зейнетақы жинақтарына қатысты жеткілікті шектің көтерілуі ипотекаға деген сұранысты төмендеткен жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте "Отбасы банк" басшысы Ляззат Ибрагимова мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Маусымның басында зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегі айтарлықтай өсті. Брифингте Ибрагимовадан бұл жағдай ипотекаға деген сұранысқа және қазақстандықтардың тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігіне қалай әсер еткені туралы сұралды.
Ляззат Ибрагимованың айтуынша, банк клиенттердің айтарлықтай азайғанын байқамаған.
"Зейнетақы жинақтары шегінің өсуі "Отбасы банкіне" келушілер ағынына қатты әсер еткен жоқ", - деп жауап берді Ибрагимова.
Банк басшысы мәліметінше, жыл басынан бері тартылған қаражат көлемі 800 миллиард теңгеге жетті. Бұл ретте өсім қарқыны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20 пайыздан асады.
Оның сөзінше, зейнетақы жинақтарының едәуір бөлігі тұрғын үй мәселесін тікелей шешуге емес, тұрғын үй құрылыс жинақ депозиттеріне аударылады. Кейіннен клиенттер онда жинақ тарихын қалыптастырып, содан кейін ғана қаражатты баспана алуға жұмсай алады.
"Шілде-тамыз айлары да орташа қарқынмен өтті. Тіпті тамыздың аяғында ипотекалық өтінімдердің көбейгенін көріп отырмыз", - деді Ибрагимова.
Банктегілер тамыздағы өтінімдердің өсуін "1 қыркүйек әсерімен" де байланыстырады. Бұл жерде балалары университетке түскен соң басқа қалаға көшуі керек болады деп есептеп, жылдар бойы баспанаға ақша жинаған отбасылар туралы сөз болып отыр.
"Отбасы банк" басшысының айтуынша, білім гранттары жарияланғаннан кейін өңірлерден ірі университеттер орналасқан үлкен қалаларға клиенттер ағыны байқалады.
"Бұл адамдардың барлығы "50-де 50" шартымен ақша жинағандар, олар мемлекеттік бағдарламалардың қатысушылары емес. Баласы 18 жасқа толғанда көшу мәселесі туындайтынын біліп, өз қаражаттарын салғандар", - деп түсіндірді ол.
Ибрагимованың мәліметінше, зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегі көтерілгені ипотекалық сұраныстың төмендеуіне әсер етпеген.
БЖЗҚ 2026 жылға арналған жаңа жеткілікті шекті жариялады