Алматы көшелері бойында автобустар тізіліп тұр: әкімдік жағдайды түсіндірді
Алматының бірнеше көшесінде ондаған автобус қаңтарылып тұр. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде видео мен суреттер жариялап жатыр. Қалалық әкімдік жағдайға қатысты пікір берді. Толығырақ - Tengrinews.kz материалында.
Әлеуметтік желідегі жазбалар
Әлеуметтік желілерде Өтепов көшесі бойында - Жароковтан Розыбакиевке дейінгі аралықта тұрған ондаған автобустың суреттері тарады. Жазба авторларының бірі Алматы әкімдігінен қоғамдық көліктер неге автобус паркінде емес, көшеде тұрғанын түсіндіруді сұрады.
"Өтепов көшесінде не қылған заңсыз автопарк? Жароковтан Розыбакиевке дейін неше айдан бері автобустар түні бойы осы жерде тұрады. Неге автопарке бармайды?" – деп нақтылады жазба авторы.
Кейбір тұрғындар мұндай жағдайдың бірнеше айдан бері қайталанып келе жатқанын алға тартқан. Осыған ұқсас мәселені Райымбек даңғылының тұрғындары да хабарлады. Олардың айтуынша, "Гүлдер" тұрғын үй кешенінен Момышұлы көшесіне дейінгі жол жиегінде ондаған автобус тізіліп тұрады.
Пікір қалдырушылар оқиғаның себебіне қатысты түрлі болжамдар жасаған. Атап айтқанда, кейбіреулер бұл жағдай қоғамдық көліктерге газ құю бекеттерінің жетіспеушілігінен болуы мүмкін деп есептейді.
Сонымен қатар, қолданушылар ондаған автобустың бір уақытта бос тұрғанына назар аударып, бұл маршруттардың жұмысына әсер етпей ме деген сауал тастады.
"Алматыэлектротранс" түсініктемесі
Компания автобустардың газ құю станцияларындағы ақауларға байланысты кезекте тұрғанын хабарлады.
"Автобус парктеріне қызмет көрсететін газ құю станцияларындағы техникалық ақауларға байланысты қазіргі уақытта газ құюға автобустар кезегі байқалады", – деп хабарлады компания.
"Алматыэлектротранс" жөндеу жұмыстарын ертең, 30 шілдеде аяқтау жоспарланғанын қосты.
Компания автобустардың кестеден кешігуі мүмкін екенін ескертті.
"30 шілдеге дейін автобустардың желіге шығуында уақытша кідірістер, сондай-ақ қозғалыс кестесінен сәл ауытқулар болуы мүмкін. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жолаушыларға түсіністік танытқаны үшін алғыс айтамыз", – деді компания өкілдері.
"8 станцияның 5-еуі ғана жұмыс істеп тұр": әкімдік не дейді?
Алматы әкімдігі қазіргі уақытта кейбір автобус бағыттарында уақытша кідірістер болуы мүмкін екенін хабарлады.
Баспасөз қызметі мәліметінше, қазір 8 автомобильге газ толтыру компрессорлық станциясының тек 5-еуі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
"Осыған байланысты жұмыс істеп тұрған газ құю бекеттерінде автобустар кезегі пайда болды. Қазіргі уақытта жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір станцияны 29 шілдеде іске қосу жоспарланса, барлығын толық қалпына келтіру 31 шілдеге дейін аяқталады", – деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Әкімдік қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жолаушылардан кестедегі ықтимал өзгерістерді ескеруді сұрады.