“Асыра сілтемес едім“ - Сүлейменов Қазақстанға қатысты АҚШ баждары туралы
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанға қатысты АҚШ-тың жаңа баждарына пікір білдірді. Бұл туралы ол бүгін өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Асыра сілтемес едім"
Тимур Сүлейменов жаңа баждардың Қазақстан экономикасына әсерін асыра сілтеудің қажеті жоқ деп санайды.
"Қазақстанның АҚШ-пен сауда-саттығы айтарлықтай үлкен емес. Біздің АҚШ-қа экспорттайтын тауарларымыздың 95 пайыздан астамы бұл баждарға ілікпейді. Сондықтан бұл жаңалықтың нақты экономикалық әсерін асыра сілтемес едім", – деді Ұлттық банк басшысы.
Ол алдымен Сауда министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің ресми бағалауын күту қажет екенін айтты.
Содан кейін Ұлттық банк ақша-несие саясаты шеңберінде шешім қабылдау кезінде жаңа жағдайды ескереді.
АҚШ жаңа баж салығын енгізеді
АҚШ бірқатар елдің, соның ішінде Қазақстанның тауарларына 12,5 пайыз көлемінде қосымша баж салығын енгізеді. Тиісті меморандумға 23 шілдеде президент Дональд Трамп қол қойды.
Жаңа шаралар 60 экономикаға, соның ішінде Қазақстан, Қытай, Ресей, Австралия, Бразилия, Израиль, Сауд Арабиясы және БАӘ-ге қатысты болады.
Қазақстан үшін не өзгереді?
Қазақстан үшін, тізімдегі көп ел сияқты, 12,5 пайыз көлемінде қосымша баж салығы енгізіледі. Ол мәжбүрлі еңбекті қолдану арқылы өндірілген тауарларға АҚШ-тың қолданыстағы импорттық баждарына қосымша ретінде алынады.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 24 шілдеден бастап күшіне енеді.
Неге АҚШ мұндай шешім қабылдады?
Америкалық билік бірқатар ел мәжбүрлі еңбекті пайдалана отырып өндірілген тауарлар импортын жеткілікті түрде шектемейді деп санайды. Тексеру 2026 жылдың наурызында басталған болатын.
Оның қорытындысы бойынша АҚШ-тың сауда өкілі барлық 60 экономиканың іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі Америка саудасына кедергі келтіретінін мәлімдеді. Осыдан кейін Вашингтон қосымша баж салығын енгізу туралы шешім қабылдады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда интернет арқылы шетелден тауар сатып алудың жаңа ережелері енгізіледі. Шетелдік маркетплейстерден тапсырыс берілетін тауарлар үшін міндетті баж салығы болады.