Қазақстандық әйел 10 жыл бойы алып ісікпен өмір сүрген
Алматы облысында алғаш рет күрделі шұғыл ота жасалды. Жақ-бет хирургтері он жылдан астам уақыт бойы осы дерттен зардап шеккен әйелдің жақ асты аймағындағы алып ісікті алып тастады, деп хабарлайды TengriHealth.
Не болды?
Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасына мойнындағы үлкен ісіктің салдарынан тыныс алуы қиындап, ұйқысы бұзылған және қатты ауырсыну мазалаған зейнеткер түсті.
Тексеруден және профессордың консультациясынан кейін дәрігерлер әйелді дереу ота үстеліне жатқызды.
Хирургтер алып ісікті жақ асты сілекей безімен бірге алып тастады. Жағдайдың күрделілігіне қарамастан, ота ешқандай асқынусыз және өмірлік маңызы бар құрылымдарға зақым келтірмей сәтті өтті.
"Отадан кейін пациенттің жағдайы айтарлықтай жақсарып, тыныс алуы толық қалпына келді", - делінген хабарламада.
Фото: Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі
Дәрігерлер қазақстандықтарды денсаулығына мұқият қарауға шақырды. Сондай-ақ мұндай белгілерді ұзақ уақыт елемеу ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін, сондықтан бас пен мойын аймағында кез келген ісік пайда болған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралу қажеттігін еске салды.