Добавить новость
World News in Kazakh


Новости сегодня

Новости от TheMoneytizer

Балалар кастингіне қатысты жанжал. Ата-аналар Байжанбаев, Айтжанов және басқалардың рөлін тексеруді сұрады

Алматыда JAN Production компаниясына қатысты жанжал шықты. Жүзден астам ата-ана қазақстандық кинематографтың танымал жұлдыздары қатысқан жарнамаға сеніп, алаяқтық схеманың құрбаны болдық деп мәлімдеді. Балаларға киноға түсу, қызыл кілем, лимузиндер мен айтулы премьералар уәде етілген, алайда оның орнына отбасылар миллиондаған несиемен қалып, компанияның өзі кенеттен кеңсесін жауып тастаған. Tengri Life редакциясы оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеудің қай кезеңде екенін білуге тырысты.
Бәрі қалай басталды?
Ата-аналар Instagram-дағы 6-дан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналған "тегін кастингтер" туралы жарнамаға сенген. Сол жерде жас қатысушыларды "жаңа жұлдыз" деп жариялап, кейін ересектерге екі айлық актерлік шеберлік курсы және қысқа метражды фильмдегі басты немесе елеулі рөл үшін шамамен 1,5 миллион теңге (Жаңа жылдан кейін бұл сома 1,6 миллионға дейін өскен) көлемінде қомақты шот ұсынған.
Зардап шеккендердің айтуынша, студия қызметкерлері психологиялық қысым көрсету әдістерін қолдана отырып, өте белсенді әрі кәсіби деңгейде әрекет еткен.

"Қызымды басқа бөлмеге алып кетті, мені отырғызып қойып, "миымды айналдырды". Қызым маған: "Анашым, мұндай ақша екенін білгенімде, ешқашан келіспес едім", дейді. Маған қызыммен сөйлесуге мұрсат бермеді, ал оған: "Сен дәлізде отыра тұр, біз анаңмен сөйлесеміз", деп айтты да, ары қарай қысым жасай бастады. Бұл нағыз алаяқтық схема", - дейді Күлжан есімді аналардың бірі.

Көпшіліктің мұндай соманы төлеуге шамасы келмеген, алайда менеджерлер дереу банктік қосымша арқылы қашықтан бөліп төлеуді ресімдеуді ұсынған.

"Маған: "Қазір бұл мәселе емес, бөліп төлеуге болады. Банк қосымшасы бар ма? Бөліп төлеу арқылы біртіндеп төлейсіз, есесіне қызыңыз киноға түседі. Кейін оны байқайды, жаңа ұсыныстар, жарнамалар болуы мүмкін", деді. Барлығы дәл осындай форматта ұсынылды", - деп еске алады ата-ана.

Ата-аналар оғаш сәйкестіктер туралы айтады: кейбіреулеріне кастингтен бірнеше күн бұрын банк аз мөлшердегі несиені бермей қойған, бірақ JAN Production шотына 1,6 миллион теңге көлеміндегі мақсатты төлемді мақұлдап берген. Балаларының арманын орындау үшін адамдар қарызға батуға келіскен.
Әйелдің айтуынша, келісімшартта екі ай оқуға арналатыны, содан кейін фильм түсірілімі басталуы тиіс екені көрсетілген.

"Онда тайға таңба басқандай жазылған: екі ай оқу, кейін түсірілім. Бірақ оның бірі де болған жоқ", - дейді ол.

Ата-аналардың пайымдауынша, адамдардың қомақты ақшасынан айырылуына басты себеп - жобаға танымал қазақстандық актерлердің қатысуы болған. Студияның жарнамалық науқандарында және келісімшарттардың өзінде Берік Айтжанов, Дәурен Айдарқұлов, Қуандық Шәкіржанов, Жанна Қуанышева және Жан Байжанбаев сынды жұлдыздардың есімдері аталған. Әлеуметтік желілерде ата-аналар Тәуекел Мүсілім қатысқан жарнаманы да тілге тиек етті.
Зардап шеккендердің пікірі екіге жарылды, бірақ көпшілігі қаржы пирамидаларының атышулы істерімен салыстыра отырып, әртістерді жауапқа тартуды талап етті.

"Егер танымал әртістер барған болса, біз әрине соларға сендік. Егер сол танымал әртістер болмағанда, біз ол жерге бармас едік. Олар қозғаушы күш болды. Бұл - артында көп жылғы шығармашылығы, халықтың махаббаты бар адамдар. Олар өздерінің соңынан халық еріп келетінін білді ғой. Олар жазалануы тиіс. Ересек адам ертең ұят болмас үшін не жарнамалап жатқанын, оның сапалы не сапасыз екенін сұрауы керек қой", - деп атап өтті ата-аналардың бірі.

Сонымен қатар, ата-аналардың айтуынша, түсірілім алаңдарында аталған жұлдыздардың ешқайсысы дерлік бой көрсетпеген. Мәліметтерге қарағанда, танымал актерлердің бірі түсірілімде тек бір күн ғана болған, содан кейін оның қатысуымен болатын барлық көрініс қысқартылып тасталған, ал куәгерлердің айтуынша, ол тіпті сценарий мәтінімен де толық таныс болмаған.
Не дұрыс болмады?
Балалары түсірілім процесіне дейін жеткен отбасылар көрсетілген қызметтің сапасына көңілдері толмаған. Күлжанның айтуынша, кәсіби киноөндірістің орнына олар базалық инфрақұрылымның мүлдем жоқтығына тап болған: алаңда визажистер, декорациялар мен костюмерлер болмаған - балалар үйден не киіп келсе, сонымен түскен. Оның үстіне, Жаңа жылдан кейін түсірілім орындары тек бір ғана жалдамалы коттеджбен шектелген.
Ата-аналарды түсірілім алаңына кіргізбеген, ал жіберілген сценарийлердің сюжеттері олардың бағалауынша, "біздің заманға сай емес, "Үйде жалғыз қалғанда" фильмінің өте нашар нұсқасына" ұқсаған. Актерлік құрамның жетіспеушілігінен ұйымдастырушыларға сол жерде қолдан құрастыруға тура келген.

"Ересек әртістердің рөлін, қосалқы рөлдерді біздің балаларымызды тамақтандырғандар, қызметкерлер, күзетші ойнады. Әкімшіліктегі 25 жастағы қыз менің 15 жасар қызымның анасының рөлін сомдады. 25 жастағы қыз қалай ананың рөлін ойнайды? Күлкілі емес пе? Осы ма 1,6 миллион теңге тұратын кино? Үйде айфонмен бұдан сапалырақ түсіруге болады", - деді зардап шеккендер.

Ата-аналар жобаға қатысушылардың тәжірибесі әртүрлі болғанын айтады: бірі бірнеше ай бойы сабаққа барса, енді бірі оқуды тек ішінара бітірген, ал кейбір балалар түсірілім күндеріне қатысып үлгерген. Алайда, ата-аналардың айтуынша, келісімшартта қарастырылған уәделі қызмет көлемін олар ала алмаған.

"Біреуі бір жарым миллион, енді бірі бір миллион алты жүз мың теңге төледі. Кейбірінде түсірілім бір күн болса, кейбірінде екі күнге созылды. Бірақ қандай жағдайда да бізге уәде етілген нәтижені көрмедік", - деді қазақстандық әйел.

Ата-аналардың ұстанымы
Зардап шеккендердің бір бөлігінің мүддесін қорғап отырған адвокат Раушан Омарованың айтуынша, Алматыда өздерін жәбірленушіміз деп санайтын жүздеген отбасы бар.

"WhatsApp топтарындағы адамдардың санына қарап, тек Алматының өзінде 200-ге жуық зардап шеккен жан бар екенін білемін. Бірақ әлі арыз түсірмегендер немесе енді ғана қолға алғандар да бар. Сондықтан зардап шеккендер өте көп", - деді ол.














Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Омарова Раушан Бақытқызының жарияланымы (@zakon_pravo_yurist)


Күлжанның айтуынша, бұл жағдай әсіресе балаларға ауыр тиіп жатыр. Көбі алдын ала достары мен сыныптастарына болашақ түсірілімдер мен премьералар туралы айтып қойған.

"Көптеген бала психологиялық соққы алды. Мектепте көбі баланың киноға түсіп жатқанын білген. Қазір кейбір балалар келемеж бен буллингке тап болып жатыр. Қызым енді киноға түсуден де, актерлік факультетке түсуден де үзілді-кесілді бас тартып отыр", - дейді ата-ана.

Зардап шеккендердің сөзіне қарағанда, көктемде олар түсірілімнің кейінге шегерілгенін естіген, кейін жобалардың іс жүзінде тоқтатылғаны туралы хабарлама алған. Осыдан кейін ата-аналар компания өкілдерімен кездесуге тырысқанымен, JAN Production кеңсесі жабық болып шыққан.
Жоба қатысушылары ақпарат алмасу үшін ортақ чаттар құрып, құқық қорғау органдарына жүгіне бастады. Ата-аналар объективті тергеу жүргізуді талап етіп, ақшаның қайтарылуын ғана емес, моральдық шығынның да өтелуін күтеді.

"Біз объективті тергеуді және кінәлілердің жазалануын талап етеміз. Әділдіктің орнағанын қалаймыз. Тек ата-аналар қаржылай емес, балалар да психологиялық тұрғыдан зардап шекті", - деді бастамашы топ мүшелерінің бірі.

Актерлер мен компанияның ұстанымы
Жан Байжанбаев
Ата-аналар есімін атаған актер Жан Байжанбаев компанияның иесі немесе ортақ иесі емес екенін мәлімдеді. Ол өз сөзінде желіде өзінің қатысуымен өтіп жатқан сот процестері туралы жалған ақпарат тарап жатқанын атап өтті.

"Бұл фейк. Онда тек иесіне қатысты тексеріс жүріп жатыр. Бұл фейк, не айтып тұрсыз", - деді ол өзіне қатысты талап арыздар мен шағымдар туралы жарияланымдарға түсініктеме бере отырып.

Актердің айтуынша, ол жобаларға шақыртылған орындаушы ретінде қатысқан және компанияны басқару ісіне қатысы жоқ.

"Мен иесі емеспін. Мен де басқа көптеген актер сияқты осы компанияда түсетін актермін", - деп мәлімдеді ол бұған дейін.

Сондай-ақ ол бұған дейін JAN Production атауы жоба негізін қалаушысының бастамасымен байланысты екенін, ал өзінің қаржылық немесе ұйымдастырушылық процестерге қатыспағанын түсіндірген болатын.
Байжанбаевтың айтуынша, студия басшысы - 65-ке жуық фильмді сәтті түсірген, оған өте көп бала қатысқан кәсіби бизнесмен. Ал мәселе тек соңғы 10–15 туындыда Астана мен Алматыдағы ғимараттарды жалдау құнының қымбаттығынан басталған.













Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Жан Байжанбаевтың жарияланымы (@zhan_baizhanbayev)


Берік Айтжанов
Актер Берік Айтжановтың өкілі актердің жоба түсірілімдеріне шақыртылған орындаушы ретінде қатысқанын және уағдаластық бойынша өз міндеттемелерін орындағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, әртістердің қатысуы тікелей түсірілім процесімен шектелген, одан кейін олардың жобаның әрі қарайғы ұйымдастырылуына қатысы болмаған.

"Осындай бір продакшн хабарласып, оларды киноға түсуге шақырған. Олар түсірілімге қатысып, өз жұмысын атқарды. Біздің тарапымыздан бұдан артық ешқандай міндеттеме жоқ", - деп атап өтті ол.

Ол актерлердің жобаның қаржылық немесе ұйымдастырушылық бөлігіне қатыспағанын және продакшн мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас туралы ақпараты болмағанын баса айтты.

"Біз шақыртылған актерлерміз: бізді шақырды, біз түстік, болды. Әрі қарай бұған қатысымыз жоқ", - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ ол қатысушылар саны, келісімшарт сомалары және ата-аналардың компаниямен қандай шарттарда келісім жасасқаны туралы деректер жоқ екенін қосты. Актердің өкілі олардың қатысуы білім беру курстарын немесе ақылы бағдарламаларды емес, тек киножобаның өзін насихаттаумен шектелгенін атап өтті.
Оның айтуынша, актерлер әдетте өздері түсетін жобалардың жарнамалық науқандарына қатысады, бірақ бұл олардың қаржылық немесе басқарушылық процестерге қатысуын білдірмейді.

"Әңгіме балалардың актерлермен бірге киноға түсе алатыны туралы болды. Бірақ ұйымдастырушылық және қаржылық мәселелер - бұл продакшнның жауапкершілік аймағы", - деді ол.














Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Jan Production - флагмандық киностудиясының жарияланымы (@jan_production_kz)


Ата-аналар атап өткен актерлердің қатарында Дәурен Айдарқұлов, Қуандық Шәкіржанов және Жанна Қуанышева да бар. Олардың ата-аналардың шағымдарына қатысты ресми ұстанымдары жарияланған жоқ.
JAN Production
"JAN Production" ЖК негізін қалаушы әрі басшысы Ержан Едгебаев осы жылдың наурыз айында-ақ компанияның қаржылық қиындықтарына қатысты түсініктеме берген болатын. Ол студияның адамдарды алдау ниеті болмағанын, ал болған жағдай - ауыр дағдарыстың салдары екенін атап өтті.

"Кассалық алшақтық болды. Біз, керісінше, қазір осы жағдайдан шығуға тырысып жатырмыз. Яғни, компания банкроттыққа немесе басқа да шараларға өтінім беріп жатқан жоқ. Ондай жоспарымыз жоқ. Керісінше, оңалып, түсірілім процесін қайта жандандыруға тырысып жатырмыз. Егер бұл әрекеттерімізден ештеңе шықпаса, қаражатты қайтарамыз", - деді ол бұған дейін.

Полиция не деді?
Алматы Полиция департаменті тергеудің "Алаяқтық" бабы бойынша жүргізіліп жатқанын растады. Ведомствоның мәліметінше, іс бойынша кем дегенде 135 арызданушы ресми түрде тіркелген.
Полицияның мәліметінше, қазіргі кезеңде қатысушылардан, компания қызметкерлері мен басшылығынан жауап алынып жатыр, сондай-ақ басқа да тексеру іс-шаралары тағайындалған.

"Барлық қажетті тергеу амалы, соның ішінде жауап алу және сұрақ-жауап жүргізіліп жатыр. Аудиторлық тексеру тағайындалып, шоттарға бұғат қойылды", - деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ ведомство күдіктілердің бірі ұсталып, қамауға алынғанын атап өтті.
Полиция сонымен қатар тек басшылықты ғана емес, курстарды жарнамалаған актерлерді де жауапқа тартуды талап еткен ата-аналардың жаппай шағымына қатысты жауап берді. Полицияның мәліметінше, іске қатысы бар барлық тұлғалардың, соның ішінде үшінші тараптардың ықтимал қатысуына құқықтық баға берілетін болады.
Прокуратура не дейді?
Алматы қаласының прокуратурасы бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі ("Ірі мөлшердегі алаяқтық") бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

"Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы қала прокуратурасының бақылауында. Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық қудалау органы заңнамада көзделген тәртіппен процестік шешім қабылдайды", - делінген сауалымызға берілген жауапта.

Ведомство ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге болмайтынын атап өтті.
Сот пікірі
Алматы соты істің сотқа дейінгі тергеу сатысында екенін және мәліметтерді жариялау заңмен шектелгенін хабарлады.

"Соттың тергеу құпиясын құрайтын мәліметтерді, соның ішінде шығынның нақты сомасын, жәбірленушілер санын және жауапқа тартылатын тұлғалар тобын жария етуге өкілеттігі жоқ", - делінген сауалға берілген жауапта.

Сондай-ақ барлық процестік шешімді тергеу қорытындысы бойынша уәкілетті органдар қабылдайтыны атап өтілді.

Читайте на сайте


Smi24.net — ежеминутные новости с ежедневным архивом. Только у нас — все главные новости дня без политической цензуры. Абсолютно все точки зрения, трезвая аналитика, цивилизованные споры и обсуждения без взаимных обвинений и оскорблений. Помните, что не у всех точка зрения совпадает с Вашей. Уважайте мнение других, даже если Вы отстаиваете свой взгляд и свою позицию. Мы не навязываем Вам своё видение, мы даём Вам срез событий дня без цензуры и без купюр. Новости, какие они есть —онлайн с поминутным архивом по всем городам и регионам России, Украины, Белоруссии и Абхазии. Smi24.net — живые новости в живом эфире! Быстрый поиск от Smi24.net — это не только возможность первым узнать, но и преимущество сообщить срочные новости мгновенно на любом языке мира и быть услышанным тут же. В любую минуту Вы можете добавить свою новость - здесь.




Новости от наших партнёров в Вашем городе

Ria.city
Музыкальные новости
Новости России
Экология в России и мире
Спорт в России и мире
Moscow.media










Топ новостей на этот час

Rss.plus