Пентагон Будапешт пен Мәскеу бағытында байқалған НЛО туралы құжатты жариялады
Пентагон әр жылдары ТҰН-ға (НЛО) қатысты айтылған куәліктер туралы құжаттардың үшінші легін жариялады, - деп хабарлайды Tengri Life.
Жаңа топтамада ФБР, ЦРУ және Пентагон архивтерінен алынған әр жылдардағы 72 құжат бар. Оларда куәгерлердің айғақтары, бейнежазбалар және байқалған нысандардың сурет түріндегі бейнелері қамтылған. Бірнеше құжатта АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы бір аймақта жарқыраған шарлар немесе сфералар байқалғаны айтылады.
Жарияланған файлдардың арасында ЦРУ-дың 1956 жылғы ақпараттық есебі де бар. Онда Венгрияда туған АҚШ азаматының айтқандары келтірілген. Ол Будапештте тұратын жиені 1955 жылғы қарашада өзіне хат жолдап, онда белгісіз ұшатын нысандар туралы жазғанын айтқан.
"Ұшатын табақшалар деп аталатын нысандар бірнеше апта бойы жұртты алаңдатып қойды... Бұл туралы газеттерден оқыған шығарсыздар: олардың жылдамдығы сағатына 12 мың шақырым деп бағаланған", — делінген хатта.
Құжатқа бұл нысандардың Будапешт пен Мәскеу арасындағы бағыты бойында қалай тізілгенін көрсететін сурет те қоса берілген.
Ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп ТҰН туралы файлдарды жариялауды тапсырған болатын. 8 және 22 мамырда Пентагон арнайы сайтта құжаттардың алғашқы екі топтамасын орналастырды.
Материалдардың бірінші бөлімінде Қазақстан туралы айтылатын құжат бар. Мәселен, АҚШ Мемлекеттік департаментінің 1994 жылғы дипломатиялық жеделхатында Boeing 747 экипажының республика аумағында беймәлім аномальды құбылысты бақылағаны туралы жазылған.
Құжатқа сәйкес, 1994 жылғы 27 қаңтарда тәжікстандық ұшқыш пен үш америкалық Қазақстан аспанында жоғары жылдамдықпен қозғалған, траекториясын күрт өзгертіп, 90 градусқа бұрылыстар жасаған жарық нысанды байқаған. Жеделхатта куәгерлердің нысанды бірнеше рет суретке түсіріп алғаны айтылады.