Маңғыстауда депутат пластикалық операциядан кейін қайтыс болды
Облыстық мәслихат депутаты Ербол Айтуов ментопластикадан кейін көз жұмғаны хабарланды. Ол иегінің астындағы артық майды алдыру үшін жеке клиникаға жүгініп, талдау анализін тапсырған соң биылғы 4 сәуірде ота жасатқаны атап өтіледі.
Кейін талдау анализдері толық болмағаны, ал қандағы қант деңгейі операция жасау оңтайлы шешім емес деп саналатын мөлшерден асып кеткені анықталды, деп жазады Stan.kz. Басылым депутаттың жұбайы айтқан мәліметтерге сүйене отырып, ота кезінде оның жағдайы күрт нашарлағанын хабарлады: қан қысымы мен қант деңгейі көтеріліп, соның салдарынан инсульт алып, комаға түскен. Ол бір айға жуық ес-түссіз жатып, сол күйі есін жимағаны айтылды.
Сондай-ақ депутатқа ота жасалған клиника жұмысында олқылықтар болғаны атап өтілді. Ербол Айтуовтың жұбайы кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
"13:40 шамасында ота жасайтын хирург Артур Тажиев хабарласып, қан қысымы көтерілгенін ғана айтты. Жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізу керек деді. Оның комаға түскенін ескертпеді. "Әзірге үйде бола бер, бірдеңе болса, ескертемін" деп айтты. Сонда 9:40-та комаға түссе, неге 13:40-қа дейін күткен? 4 сағат бойы алғашқы көмек көрсетілмеген, наркоздан шығаратын дәріні салмаған, оттегі аппаратына қоспаған, ешқандай шара қолданбапты. Ал хирург "қан қысымы көтеріліп кеткен екен" деп кетіп қалды. Былайша айтқанда, олар өз қолдарымен өлтіріп тұр", - деп келтіреді Stan.kz марқұм депутаттың жұбайының сөзін.
Басылым мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жеке клиниканы тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылықты анықтаған.
"Атап айтқанда, орталықтың хирургиялық ота бөлімі талапқа сәйкес медициналық құрылғылармен толыққанды жабдықталмағаны, ота залындағы медициналық құрылғылардың техникалық мерзімі өтіп кеткені, "анафилактикалық шокқа қарсы" арнайы аспаптардың жоқ екені анықталды. Сондай-ақ ота бөлімінде жедел көмек көрсету талапқа сай келмейді. Одан бөлек орталықтың ересектерге стационарлы медициналық көмек – анестезиология және реаниматология бөлімі бойынша лицензияға қосымшасы жоқ", - деп жазады Stan.kz.
Басылым журналистері клиникадан пікір ала алмады.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облыстық мәслихатының ресми парақшасында Ербол Айтуовтың қайтыс болғаны туралы ақпарат жарияланған болатын.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Маңғыстау облыстық мәслихатының жарияланымы (@mangystau_maslikhat)
Tengrinews.kz редакциясы депутаттың өліміне байланысты полицияға, облыстық мәслихатқа, денсаулық сақтау басқармасына, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады.
Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында қайтыс болды: отбасы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді
Еске сала кетейік, таяуда танымал блогер Сәуле Базарханның өлімі туралы жазған болатынбыз. Келіні енесінің 15 мамырда Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде жергілікті анестезиямен жасалған жоспарлы липосакция операциясынан кейін қайтыс болғанын айтты. Базарханның туысының сөзінше, отадан кейін бірнеше сағат бойы жақындарына науқастың жағдайы туралы ешқандай ақпарат берілмеген, қазасы туралы кейін хабарланған.
Алматы Полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Қазір тергеу жүріп жатыр, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.