Қазақстандағы қала тұрғындары ауыл мәртебесін беруді сұрады
Ақтөбе облысындағы шағын Темір қаласының тұрғындары күтпеген жерден оған ресми түрде ауыл мәртебесін беруді сұрап отыр. Олардың айтуынша, қазіргі қала мәртебесі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға және жас мамандарды тартуға кедергі келтіреді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап.
Іргесі 1870 жылы Қарақамыс деген атпен қаланған Темір қаласы кезінде Ташкент, Бұхара, Уфа, Орынбор және Орскіден саудагерлер ағылатын ірі сауда орталығы болған. Мұндағы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына жататын ғимараттар әлі күнге дейін қаланың бай тарихынан сыр шертеді.
Олардың қатарында көне мешіт, шіркеу және 1895 жылы салынған үй бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 1918 жылы осы үйде қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай бірнеше күн аялдаған.
"Бұл туралы оның жары Мария Шоқайдың жазбаларында айтылады. Ол Темірде арт жағынан өзен ағып жатқан үйге тоқтағандарын жазған. Біз бұл ғимараттың, Ахмет халфе мешіті мен шіркеудің тарихи нысандар ретінде қорғауға алынғанын қалаймыз", - деді Баишев атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Ақерке Ақшабаева.
Тарихы бай болғанымен, тұрғындар дамудың кенжелеп қалғанын айтады. Темірде мектеп, екі балабақша және дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді, алайда жас мамандарды тарту қиындап барады.
Мектеп директоры Сандуғаш Тасбауованың айтуынша, бұған елді мекеннің қала мәртебесінде болуы басты себептердің бірі.
"Жастар конкурстарға аса белсенді қатыспайды. Басқа жерлерде бос орындарға үміткерлер көп болса, бізге санаулы адам ғана хабарласады. Өйткені бізде қала мәртебесі. Ауыл мен қала арасындағы еңбекақыда айырмашылық бар", - деп түсіндірді ол.
Тұрғындардың айтуынша, қала мәртебесіне байланысты Темір ауылдық аумақтарға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай отыр.
"Мәселен, "Дипломмен - ауылға" сияқты бағдарламалар бізге жүрмейді. Ауылдық округ үшін біздегі көрсеткіштер жақсы - су, газ, байланыс бар. Бірақ қала үшін бұл жеткіліксіз. Даму жоқ", - дейді жергілікті тұрғын Сабыржан Молдағұлов.
Ауыл тұрғындарының пікірінше, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жас отбасыларды тартуға, инфрақұрылым мен шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік берер еді.
Темір қаласының әкімі Мұхтар Әкімов көптеген тұрғынның елді мекен мәртебесін өзгертуді шынымен де қолдап отырғанын растады.
"Темір тарихта қала болып қалады. Бірақ жергілікті тұрғындардың басым бөлігі жеңілдіктердің жоқтығынан оған ауыл мәртебесін беруді сұрап отыр", - деп атап өтті ол.
Ұлттық экономика министрлігі елді мекеннің мәртебесін өзгерту үшін жергілікті қауымдастықтың қолдауы қажет екенін хабарлады.
"Елді мекен мәртебесін өзгертудің басты өлшемшарттарының бірі - жергілікті қоғамдастықтың пікірі. Жергілікті атқарушы және өкілді органдар осы пікір негізінде шешім қабылдайды", - деді ведомство өкілі Дархан Әділбеков.
Министрлік дерегінше, қазір Қазақстанда халқының саны 10 мыңнан аспайтын аудандық маңызы бар 12 қала бар. Алайда олардың мәртебесін өзгерту туралы ҰЭМ-ге әзірге ұсыныс түспеген.
1972 жылға дейін Темір аудан орталығы болған. Ол кезде мұнда 5 мыңға жуық адам тұратын. Бүгінде қала халқының саны 2 мыңнан сәл ғана асады.