Батыс Қазақстаннан шыққан лейтенант қандай ерлігі үшін “Халық қаһарманы“ атанды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) "Халық қаһарманы" атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" орденін тапсырды. Награда 2026 жылғы 5 мамырдағы жарлықпен соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін берілді. Tengrinews.kz қаһарманның өмірбаяны мен ерен ерлігі туралы толығырақ баяндайды.
Кенжебай Мәденов кім?
Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақтан облысы Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округі Ақтай-сай ауылында дүниеге келген.
Мәденов 1944 жылы 19 жасында 266-атқыштар дивизиясы 1008-полкі 2-батальоны 5-ротасының взвод командирі болып тағайындалған.
Берлиндегі ерлік
1945 жылы 29 сәуірде К.М. Мәденов Берлин шайқасында қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, Берлин операциясы кезінде қаланың Рейхстагтан кейінгі маңызды әкімшілік орталығы – Ратуша ғимаратының төбесіне Қызыл Туды орнату К.М. Мәденов басқарған взводқа тапсырылып, ол бұйрықты ерлікпен орындайды. Бұл Кеңес әскеріне рух беріп, шабуылдың қарқынды жалғасуына ықпал етеді.
Мәденовтің ерлігі туралы Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков өзінің "Естеліктер мен толғаныстар" атты кітабында жазған.
"29 сәуірде қала орталығында қиян-кескі шайқастар жүріп жатты. Ратушаға 266-атқыштар дивизиясының 1008-атқыштар полкі мен 1010-полкі шабуыл жасады. Сол шабуылдың куәгерлерінің айтуынша, осы дивизияның сарбаздары қаһармандық көрсетті. Ол жерге лейтенант К.М. Мәденовтің взводы бірінші болып басып кірді. Ержүрек лейтенантпен бірге Н. Кондрашев пен басқа да жауынгерлер батыл қимылдады. Олар ғимараттың вестибюльдері мен дәліздеріне қол гранаталарын лақтырды. Әр бөлмені шайқаспен алуға тура келді", - деп жазды Жуков.
5-ші соққы беруші армияның Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-лейтенант Федор "Боков Жеңіс көктемі" кітабында да Ратушаға жасалған шабуылды суреттеген.
"Шабуыл кезінде Ратушаға бірінші болып кірген лейтенант К.М. Мәденовтің сарбаздары ерекше көзге түсті. Қызыл Армия сарбаздары К. Крютченко, Н. Кондрашов және И. Кашпуровский шайқастың алғашқы минуттарында қырықтан аса фашистің көзін жойды, ал лейтенант Мәденов қоян-қолтық айқаста өзіне тап берген фашисті қанжар сұғып өлтірді", - делінген кітапта.
Ерлікке тағзым
Кенжебай Мәденовтің қолбасшылығындағы взводтың ерлігі КСРО Қарулы Күштері министрлігі 1948 жылы басып шығарған "Берлинді алу" (Штурм Берлина) кітабында да баяндалған. Ратуша үшін шайқас туралы Мәденовтің өзі де жазған - оның материалы 1970 жылы 6 маусымда " Қазақстан коммунисі" журналында жарық көрді.
Мәденовтің есімі мектеп оқушыларына арналған 1985, 1993 және 2004 жылдары жарық көрген "Қазақстан тарихы" оқулықтарына енді. Сондай-ақ Мәденовтің ерлігін Клаус Похе және Ганс Олива атты германиялық журналистер "Соғыс аяқталған түн" деген еңбектеріне арқау еткен.
Соғыстан кейін Кенжебай Мәденов ҚазКСР МҚК-нің Батыс Қазақстан және Гурьев облыстары бойынша органдарында қызмет етті. Оның қызметі 1950 жылдан 1974 жылға дейін жалғасты. Ол 1974 жылы 26 желтоқсанда қайтыс болды.
2001 жылғы желтоқсанда Атырау облысы бойынша ҰҚКД ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. 2005 жылы Атырау қаласында Кенжебай Мәденовтің есімі бір көшеге берілді.
"Халық қаһарманы" атағын беру Кенжебай Мәденовтің есімін және оның Берлинді алу кезіндегі ерлігін мәңгі есте қалдыру жолындағы тағы бір қадам болды.