50 пациентке бір шәйнек: Ақтау перзентханасы шағымдарға жауап берді
Ақтау қаласының 26-шағынауданында орналасқан перинаталдық орталық босанудан кейінгі бөлімдегі күнделікті тұрмысқа қажетті жабдықтардың жетіспеушілігіне қатысты аналардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды TengriHealth.
Не болды?
Lada.kz жазуынша, босанудан кейінгі бөлімде жатқан әйелдер медициналық мекемедегі жағдайға шағымданған. Олардың айтуынша, бөлімде босанудан кейін қалыпқа келу үшін тиісті жағдай жасалмаған.
"Күтім керек, ыстық шәй ішкің келеді. Бірақ орталықта бұған жағдай жоқ. Бұрын термопот болатын, қазір бір ғана шәйнек қалды, оның өзі дұрыс істемейді", - деді жас ана.
Әйелдердің айтуынша, бөлімде 18-ге жуық палата бар, олардың әрқайсысында үш пациенттен жатыр. Осылайша, 50-ден астам адам бір ғана шәйнекті пайдалануға мәжбүр.
Фото lada.kz сайтынан
"Осыншама адамға бір ғана шәйнек. Бұл масқара ғой", - деді олар.
Перзентхана әкімшілігі не дейді?
Мекеме әкімшілігі бұл жағдай жабдықтың уақытша техникалық ақауына байланысты екенін түсіндірді.
Перинаталдық орталықтың мәліметінше, босанудан кейінгі бөлімдегі термопот бұған дейін істен шыққан.
"Алайда бүгінгі таңда ақау жойылып, термопот қалпына келтірілді және жұмыс істеп тұр", - деп хабарлады мекеме.
Перзентхана өкілдері сонымен қатар пациенттердің тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.