“Бұл жасанды интеллект деп айтыңыздаршы“: Маңғыстауда қоқыс шашылған жазық дала видеоға түсіп қалды
Бұл жасанды интеллект деп айтыңызшы
Бұған дейін блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау даласындағы шашылған қоқыс арасында жүрген түйені әуеден түсіріп алған болатын. Кадрлардан түйенің пакеттер мен өзге де қалдықтардың арасынан ас іздеп жүргенін көруге болады. Видео экологиялық жағдайға қатысты қызу талқы тудырды. Пікір қалдырғандардың кейбірі бұл бейнежазба жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін деп үміттенген.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Азамат Сәрсенбаевтың жарияланымы (@azamat_sarsenbayev)
Lada.kz-ке берген сұхбатында блогер роликтің 20 сәуірде Мұнайлы ауданында, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны маңында түсірілгенін айтты.
Басқарма не деп жауап берді?
Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері басылымға видеодағы нысанның қолданыстағы ҚТҚ полигоны екенін және онда қалдықтар белгіленген нормаларға сәйкес орналастырылатынын түсіндірді.
Мамандар технологиялық процестер мен табиғи жағдайларға байланысты полигон аумағынан тыс жерге жеңіл қоқыс фракцияларының ұшып кету мүмкін екенін нақтылады.
"18 сәуірде полигон аумағында және іргелес учаскелерде ұйымдастырылған сенбілік аясында жоспарлы санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Осы іс-шаралардың нәтижесінде аумақ тиісті санитарлық күйге келтірілді. Сонымен қатар 2026 жылдың 20 сәуірінде полигон маңында өрт шықты. Өртті сөндіру жұмыстары кезінде, сондай-ақ желдің күшеюі салдарынан қалдықтардың жеңіл фракциялары (үлдір, қағаз және өзге де материалдар) негізгі жинақтау картасынан тыс жерлерге қайтадан шашырап кеткен, бұл бүгінде тіркеліп отырған жағдайға себеп болды", - деп хабарлады ведомство.
Басқарма мәліметінше, қазір полигон аумағында және оның маңында тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандандырылған қызметтер мен техника жұмылдырылды.
Тазалық жұмыстары жақын арада аяқталып, одан кейін фотоесеп ұсынылатыны атап өтілді.