Күң өлімі
I
Алқа егде тартқан кісі. Өңі сіріңке қара. Мінез ағынында ерекше қуаныш минуты болмаса, қабағын ашып, ыржиып күлген емес. Бөтен қатындардай не болса соны сөйлеп, өсек-аяңға үйір болмай, тиісті кезекте ғана сөйлейтін. Егер бір сөйлесе, тізбегін әдемілеп, ұзақ-ұзақ сөйлеп кетуші еді. Сөзінің көбі өз басының мұңы болатын. Мұның атының Алқа екенін біздей үйі аралас кісі білмесе, сырт ел «Сандыбайдың күңі» дейтін.
Алқа өзінің байы Қырықбайдан 35 жасында жесір қалып, бір жасында Қасені, үш жасында Маржаны жетім қалған.
Алқаның байы Қырықбай, Сандыбаймен шығысып келе жатқан қара табан құлы еді. Алқа күңі еді. Сандыбайдың қорасын сағалап жұмыс қылып, малын бағып, отын жағып,...