Тамыз айында Қазақстанда Құрылтай сайлауы өтеді
Тамыз айында Қазақстанда парламент сайлауы өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.
"Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек" деді Тоқаев Ақордада ғалымдармен кездесуінде.
Тоқаевтың айтуынша, Құрылтай сайлауы "Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай "қайта құруға" жол ашады".
2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өткен. Ресми қорытынды бойынша, 73,12 пайыз сайлаушы дауыс беріп, солардың 87,15 пайызы жаңа Конституция жобасын қолдаған. Бұдан соң жаңа негізгі заң 1 шілдеде күшіне енетіні хабарланған.
Белсенділер референдумда қысым көп болғанын, Конституция ашық, еркін талқыланбағанын айтып сынаған. Референдумға бойкот жариялауға шақырған белсенді Оразалы Ержанов "сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру" ісімен қамауға алынып, кейін үйқамаққа жіберілді. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) Қазақстандағы референдумге дайындық барысын сынға алып, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына тым аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.
Жаңа Конституцияны бекітуге арналған салтанатты шарада Тоқаев парламент сайлауын " келесі сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланғанын" айтқан.
Жаңа Конституция бойынша Қазақстан қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшеді, ол "Құрылтай" деп аталады. Құрылтай тек партиялық тізіммен сайланатын 145 депутаттан тұрады.
Ақорда Конституцияға өзгеріс енгізу бастамасын әуелі "парламент реформасы" деп бастаған. Тоқаев 2025 жылғы қыркүйектегі жолдауында бір палаталы парламентке көшу керегін айтқан. Кейін құрылған комиссия 2026 жылдың басында жаңарған Конституция жобасын ұсынып, оны референдумға шығарды.
Тоқаев авторы өзі екенін айтқан жаңа Конституция бойынша, президент өкілеті бұрынғыдан да кеңейеді дейді сарапшылар. Бір кездері қысқарып қалған вице-президент лауазымы қайта енгізіледі және заң қабылдау жөнінде бастама көтеру құқығына ие Халық кеңесі деген кеңесші орган құрылады.
Президент Бас прокурорды, Конституциялық сот пен Жоғарғы сот төрағаларын, Ұлттық банк төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысын парламенттің араласуынсыз президент тағайындайды.
Президент Тоқаев бұл өзгерістер елді "суперпрезиденттік" басқару моделінен "ықпалды парламенті бар президенттік республикаға" көшуге бағытталған деп мәлімдеген.