Қазақстандағы үш жылу электр станциясын Ресейдің орнына сингапурлық компания салады
Өскемен, Семей және Көкшетаудағы жылу электр станцияларын Қазақстан мен Сингапурдың консорциумы салады. Бұл туралы 7 сәуірде үкіметтегі брифингте энергетика вице-министрі Сұнғат Есімханов хабарлады.
Бұған дейін үш станцияны Ресей салатыны айтылған еді.
Вице-министрдің сөзінше, ЖЭС құрылысы EPC (Engineering, Procurement, and Construction) келісім-шарты негізінде салынады. Яғни, құрылысшылар жобаны уақытында белгіленген сомаға салып беруі тиіс, ал тапсырыс беруші - энергетика министрлігі дайын орталықты қабылдап алады.
Жоспар бойынша, көмір қолданылатын жылу станциялары 2029 жылы салынып бітуі керек.
Есімханов орталықтарды Қазақстан мен Сингапурдың біріккен консорциумы салатынын, жобада Қытайдың технологиясы да қолданылатынын айтады.
2023 жылдың соңында "Самырұқ-Қазына" ұлттық қоры мен оған еншілес "Самрұқ-Энерго" компаниясы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭС салу бойынша Ресейдің "Интер РАО – Экспорт" және "Фирма ОРГРЭС" компанияларымен келісімге келген.
"Самұрық-Қазына", "Фирма ОРГРЭС" және "Интер РАО – Экспорт" басшылары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургқа барған сапары кезінде келіссөз жүргізген еді.
Энергетика министрлігі Қазақстанның Ресей компанияларынан неге бас тартқанын айтпады.
Былтыр жыл соңында энергетика министрлігі Қазақстан Өскемен мен Семейде ЖЭС салу бойынша Ресей тарабынан жеңілдіктен қаржыландыру мәселесі бойынша әлі жауап алған жоқ деген еді.