Бас прокуратура әлеуметтік желіде "цифрлық қауесет" жазған аноним авторлар да жауап беретінін айтты
Қазақстанның Бас прокуратурасы 7 сәуір күні әлеуметтік желілердегі "құқыққа қайшы жарияланымдар" авторлары анонимді болып қала алмайтынын мәлімдеп, интернеттегі жазбалар мен пікірлер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылатынын ескертті.
Бұл мәлімдеме елде интернет пен мессенджерлерді бақылауды заңдастыруға бағытталған жаңа ережелер талқыланып жатқан тұста жасалды.
Бас прокуратура ресми хабарламасында "цифрлық қауесеттерді" қоғам үшін елеулі қауіптің бірі ретінде атады. Заңдылықты қадағалайтын мемлекеттік орган тексерілмеген немесе жалған ақпаратты "хайп" пен назар үшін тарату қоғамда дүрбелең туғызуы, азаматтардың іскерлік және жеке беделіне нұқсан келтіруі, сондай-ақ мемлекеттік институттардың жұмысына әсер етуі мүмкін екенін ескертіп отыр.
"Цифрлық ортада толық анонимділік жоқ", деген Бас прокуратура қазіргі заманғы технологиялар ақпараттың бастапқы көзін, тіпті қолданушы жасырын қалуға тырысқан жағдайда да, анықтауға мүмкіндік беретінін айтып, мұндай жарияланымдар анықталып, авторлары заң аясында жауапқа тартылып жатқанын мәлімдеді.
Прокурорлар сөз еркіндігі "бәріне рұқсат" дегенді білдірмейтінін баса айтып отыр. Олардың сөзінше, кез келген жария ақпарат тексерілген фактілерге сүйенуге тиіс, ал құқық қорғау органдарының басымдығы – жаза қолданудан бұрын құқық бұзушылықтың алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту болмақ.
Бұл мәлімдеме наурыз айында "Ашық НҚА" порталында жарияланған жаңа мониторинг қағидалары жобасынан кейін жасалып отыр. Жаңа құжатқа сәйкес, сайттар, әлеуметтік желілер, мессенджерлер, БАҚ және өзге де ашық онлайн-платформалардағы контент тұрақты бақылауға алынуы мүмкін. Күмәнді материал анықталған жағдайда қылмыстық іс қозғау, әкімшілік хаттама толтыру немесе бұғаттау тетіктері қарастырылған.
Кейінгі айларда Қазақстанда бірқатар қолданушы Instagram мен Facebook-тағы жазбалары өшірілгенін және аккаунттары уақытша бұғатталғанын хабарлаған. Кейін олардың бір бөлігі қалпына келтірілген. Бұл жағдайлардың кейбірі жаңа Конституция жобасын сынаған посттармен байланысты болған.
Жаңа Конституция бойынша референдум алдында Бас прокуратура үгіт-насихат жұмыстары үшін айыппұл салынатынын ескерткен.
Бұрын прокуратура оппозиция жоспарлаған бейбіт митингілер алдында "заң алдындағы жауапкершілікті" жұрт қаперіне салып мәлімдемелер жриялайтын.