Қостанайлық блогер ақша бопсалады деп сотталды. Ол құс фабрикасының заң бұзғаны жайлы видео жариялаған
Қостанайда "Бопсалау" бабы бойынша айыпталған блогер Миршат Сәрсенбаев 7 жарым жылға сотталды. Блогер Poultry-Agro дейтін компания өзіне тиесілі құс өлекселерін рұқсат етілмеген жерге тастап жатқанына куә болып, видео түсірген. Айыптау тарабы оның ауласынан табылған ақшаны компаниядан бопсалап алды және айыбы дәлелденді деп санайды. Блогердің қорғаушылары бұған келіспейді. Енді апелляциялық шағым түсірмек.
– Сот еш дәлелсіз айыптау үкімін шығарып отыр. Жарайды, дәлелсіз-ақ делік, бірақ біз барлық процессуалдық құжаттарды толық жоққа шығардық. Яғни, істің қолдан жасалғанын көрсеттік және оны соған тексеруді сұрадық. Жүргізілген процессуалдық әрекеттердің бәрі заңсыз, өрескел заң бұзушылықтармен жүзеге асырылған, - дейді адвокаты Снежанна Жукова.
Айыптау актісі "блогер облыстық мәслихат депутаты Қайрат Маишев басқаратын "Poultry-Agro" құс фабрикасынан 20 млн теңге бопсалаған" дейді.
Сәрсенбаев Қарабалық құс фабрикасының қоқысы туралы видео түсірген, шалажансар құстарды далаға қалай таситынын көрсеткен. Айыптау жағының пікірінше, "блогер фабриканың заң бұзушылығына әдейі назар аудартуға тырысқан".
Блогердің видеосынан кейін тексеріс жүргізіліп, құс фабрикасына заң бұзғаны үшін үш рет айыппұл салынған.
Қаңтардағы сот отырысы кезінде Қайрат Маишев оның кәсіпорны заң бұзғаны үшін айыппұл төлегенін айтып, ал құс фабрикасы туралы таратылған теріс ақпарат бизнеске айтарлықтай шығын келтірді деді. Бірақ шығыны құжат түрінде расталмаған. Кәсіпкер "бұл жерде анализ жасаудың қажеті жоқ та"деп айтқан.
Сайттың жазуынша, 2025 жылы 20 ақпанда Миршат Сәрсенбаевтың ауласынан ақша салынған пакет табылған, сол себепті оны фабриканың заңгері Игорь Шишов арқылы фабрикадан ақша бопсалады деп айыптаған. Сотта Шишов пен Сәрсенбаев арасындағы аудио да тыңдалған.
Сот отырысында Миршат Сәрсенбаев Шишов ақшаны өзі ұсынғанын, орнына Youtube-тағы құс фабрикасына қатысты видеоларды өшіруді сұрағанын айтқан. Заңгер Игорь Шишов істегі дәлел деп ұсынылған аудио-видеоның бәрін өзі жинаған. Ірі мөлшерде ақша салынған делінетін пакетті де блогердің ауласына Шишовтың өзі лақтырғаны айтылған.
Миршат Сәрсенбаев - Қостанай облысы Қарабалық ауданында белсенді блогер. Оның Youtube-те "Миршат Сәрсенбаевтың ыңғайсыз сұрақтары" дейтін арнасы бар. Ол аудандық мәдениет үйінде жарық қоюшы болып жұмыс істейді. Жергілікті іс-шараларды видеоға түсіреді, көбіне аудандағы экологиялық мәселелерді көтереді. Электр станциясының қалдықтарын заңсыз төккені туралы, құс фабрикасының тауық денелерін далаға тастағанын түсірген видеолары қоғамда резонанс тударған. Ол бұл істі өзінің белсенділігімен байланыстырады.