Азаттықтың Instagram-дағы парақшасы бұғатталып қалды
Азаттық радиосының Instagram-дағы парақшасы бұғатталып қалды. Аккаунт иесіне: "Сіздің аккаунтыңыз Instagram-дағы адамдарға көрінбейді және өзіңіз оны қолдана алмайсыз" деген жазу шығады.
Әлеуметтік желі әкімшісі Азаттық аккаунты не іс-әрекеті "интеллектуалдық меншікті қолдану ережелерін бұзды" деп қорытынды жасаған. "Біздің технологияның ұйғаруы бойынша, аккаунтыңыз не ондағы іс-әрекетіңіз біздің ережеге сәйкес келмейді. Сондықтан командамыздың мүшесі шара қолданды" делінген ескертуде.
Азаттықтың Instagram-дағы парақшасында Қазақстанның және әлемнің қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғалар қамтылады, онда Азаттықтың эксклюзив материалдары және ақпарат агенттіктерінің, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушыларының аудио-видео материалдары пайдаланылады. Парақшаның 784 мың жазылушысы бар.
Азаттық Instagram-ның бұл шешіміне келіспей, шағым түсірді. Әзірге жауап болған жоқ.
Соңғы кездері Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріне иелік ететін Meta компаниясы қазақстандық журналистердің, ақпарат құралдары мен жекелеген қолданушылардың посттары мен аккаунттарын өшірген, бірақ олардың барлығы дерлік кейін қайта қалпына келген.
Өшірілген посттардың көбінде Қазақстанда қабылданып жатқан жаңа Конституция жобасына сын айтылған.
Meta компаниясы қазақстандықтардың парақшаларындағы контенттің өшірілуі туралы айтқандарына түсініктеме бермеді. Қазақстанда 2025 жылы қарашада осыған ұқсас жағдайлар болғанда Азаттық Мeta-ға хат жазған, ресми жауап болған жоқ.
Азаттықтың материалдары оның сайтында, Facebook, YouTube, TikTok, Threads және Х-тегі аккаунттарында, Telegram мен WhatsApp-тағы арналарында жарияланады.