Өзбекстан түрмедегі әйелдерге оқу орнына түсіп, қашықтан оқуға рұқсат береді
Өзбекстанда түрмедегі әйелдерге қашықтан оқып, кәсіпті меңгеруге мүмкіндік берілмек. Бұл жөнінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара кезінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысының сөзінше, жазаны атқару мекемесінде қазір 2589 әйел жазасын өтеп жатыр, 1239-ының орташа білімі бар, бірақ кәсіп меңгермеген. 443 әйел жоғары оқу орнында оқығылары келетінін айтқан. Оларға арналған "Жаңа өмір" атты бейімдеу бағдарламасы іске қосылады.
"Түрлі жағдайда қылмыс жасаған бұл әйелдер осы елдің азаматтары. Біз олардың әлеуметтік реабилитациясы, қоғамның толымды мүшесіне айналуы жөнінде ойлануымыз керек" деді Мирзияев.
Сотталған әйелдерге емтихан тапсырып, оқу орнына түсіп, қашықтан оқуға мүмкіндік берілмек. Келісім бойынша оқуға түскендерге пайызсыз несие берілмек, жазаны өтеп, жұмысқа орналасқаннан кейін қайтаратын болады деді президент.