Абай облысында жол апатынан төрт адам қаза болды
Абай облысында жол апатынан төрт адам қаза болды. Тағы үш адам түрлі дене жарақатын алды. Бұл жөнінде Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 19 ақпанда күндіз Омбы-Майқапшағай тасжолында болған.
"Алдын ала анықталғандай, тасжолдың 867-шақырымында Жарма ауданы Салқынтөбе ауылы аумағында Lada Priora және Chevrolet Cobalt көліктері соқтығысты. Жол апаты салдарынан төрт адам қаза болды, тағы үш адам жарақаттанды" деп жазылған ресми хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқаны хабарланды.
Қазақстанда адам қазасына себеп болған жол апаттарының саны азаймай отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.