Айдос Үкібай: Сара Назарбаева ауыр инфарктен кейін ауруханадан шығарылды
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева ауыр инфарктен кейін емделіп, ауруханадан шығарылды. Бұл жөнінде бірінші президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.
Оның сөзінше, Сара Назарбаева былтыр сәуірден бері президент пс басқармасы медициналық орталығының Алматы қаласындағы ұлттық госпиталінде емделген.
"Сол кезеңде ол ауыр миокард инфарктін бастан кешірді. Дәрігерлер ұзақ уақытқа созылған ауыр қант диабеті мен үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі аясында дамыған жүректің ишемиялық ауруын, жүрек және өкпе жеткіліксіздігін анықтады" деп жазды баспасөз хатшысы.
Оның сөзінше, Сара Назарбаева ұзақ уақыт бойы өкпені жасанды желдету және жасанды бүйрек аппараттарына қосылған.
Биыл қаңтарда жағдайы тұрақталғаннан кейін ауруханадан шығарылған. Қазір Алматы қаласында үй жағдайында дәрігерлердің бақылауында деді ол.
Сара Назарбаеваның ауруханадан шыққанын екі күн бұрын қазақстандық БАҚ хабарлаған.
Сара Назарбаева Алматыдағы "совминка" ауруханасына түсіп, ауыр хәлде жатқаны былтыр мамыр айында белгілі болған еді. Сол кезде бірінші президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай "Сара Назарбаева қайтыс болды" деген сыбысты жоққа шығарған. Жергілікті басылымдар аурухана маңында күзет күшейгенін жазған.
Шілде айында госпиталь әкімшілігі журналистерге Сара Назарбаева ем қабылдап жатқанын айтты.
Кейінірек, қыркүйек айында денсаулық сақтау мекемесі "Сара Алпысқызы әлі ауруханада емделіп жатыр" деген.
Сара Назарбаева биыл 12 ақпанда 85 жасқа толғалы отыр.