Тоқаев Елнұр Бейсенбаевты президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті өкімге қол қойғанын 9 ақпанда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін 2025 жылғы желтоқсанның ортасынан бастап осы қызметті атқарған Айбек Смадияров биыл 29 қаңтарда Қазақстан президентінің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы болып тағайындалған. Оның алдында Смадияров ұзақ уақыт сыртқы істер министрлігінде түрлі қызмет істеді.
Елнұр Бейсенбаев 2023 жылғы наурыз айында сегізінші шақырылған парламент мәжілісіне биліктегі AMANAT партиясы тізімі бойынша депутат болып сайланған. Ол осы партияның парламенттегі фракциясының жетекшісі болды.
Мұның алдында 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін жетінші шақырылған парламенті мәжілісінің депутаты болды. Кейін AMANAT партиясының атқарушы хатшысы қызметін атқарды.