Белсенді Ермек Нарымбаев екі айға қамалды
Астананың тергеу соты белсенді Ермек Нарымбаевты екі айға қамады. Оған қарсы “сот үкімін орындамау” (430-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ол тергеу жалғасқанша 3 сәуірге дейін қамауда болады. Бұл жөнінде адвокаты Василий Садықов Азаттыққа хабарлады.
– Ермек Нарымбаев қызына, немерелеріне бару үшін 1 ақпанда Алматыдан Бішкекке ұшқан. 3 ақпанда күндізгі сағат 12-де Қырғызстанның ішкі істер полковнигі және подполковнигі оны ұстады. Одан кейін оны қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекетіне алып келіп, сол жерде Қазақстан жағына тапсырды. Қордайдан Балқаш одан әрі Қарағанды арқылы Астанаға жеткізді. 4 ақпанда ол Астанада болды. Кеше түнгі сағат бірге дейін отырдық. Сот оны екі айға қамады, – деді адвокат Василий Садықов.
Адвокат бұдан басқа ақпаратты айтуға құқығы жоқ екенін жеткізді.
Қамалардан бұрын Нарымбаев әлеуметтік желіде конституциялық реформаны талқылап жазба жариялаған. Facebook-те 3 ақпанда жарияланған кейінгі постында Нарымбаев: "Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті" деп жазған.
2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот үкімін орындамады” деген айып тағылған.
Ермек Нарымбаев бұған дейін де "сот шешімін орындамағаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған еді. Адвокатының сөзінше, бұл жолы оған қылмыстық бап қолданылып отыр.