1993 жылғы Конституция парламентті күшейтіп, президентті шектеді ме?
Тура 33 жыл бұрын, яғни, 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстанның сол кездегі парламенті елдің тұңғыш Конституциясын қабылдаған. Бұл құжатта билік тармақтары айқындалып, президент өкілеттігі айтарлықтай шектеулі еді. Жоғарғы кеңес үкіметті бақылап, заң шығару процесінде шешуші рөлге ие болған. Алайда бұл жүйе ұзаққа бармай, екі жылдан кейін, яғни, 1995 жылы ел мүлде басқа саяси модельге өтті. Алғашқы Конституцияның ерекшелігі қандай болды? Қазақстан бұл Конституциядан неге бас тартты?
1993 ЖЫЛҒЫ КОНСТИТУЦИЯНЫҢ КҮШІ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?
1993 жылғы Конституцияда мемлекеттің конститyциялық құрылымының негiзi бекiтiлдi. Заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері мемлекеттің басқару жүйесінде өз алдына дербес әрі тәуелсіз органдар ретінде қарастырылды. Конститyция негізіне парламенттік республика моделі алынды. Жоғарғы кеңес, яғни парламент бір палаталы болып, кең өкілеттікке ие болды, үкіметті бақылау, заң шығаруда үстемдік етті.
Қазақстан президенті қызметіне бір адам екі мерзімнен артық сайлана алмайды деген ереже бекітілді. Ол Жоғарғы кеңес алдында есеп беруге міндетті болды. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты бойынша Жоғарғы кеңеске баяндама жасауға, депутаттардың сұрақтарына жауап беруге міндеттелді. Президент референдум өткізу туралы шешімді Жоғарғы кеңеспен ақылдасып барып қабылдай алды.
Жоғарғы кеңес президентке сенімсіздік білдіру мәселесін көтере алатын. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып бекітіліп, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие болды.
Бұл Конституция екі жылдан астам уақыт, яғни 1995 жылы 30 тамызда жаңа нұсқа қабылданғанға дейін қолданыста болды. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылғы Конституцияның кей тұстары уақыт талабына сай қайта қаралуға тиіс деп сынаған. Оның сөзінше, "тұңғыш Конституцияда тепе-теңдік пен тежемелік жүйесі, яғни парламент мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтата алатыны және керісінше президент Жоғарғы кеңесті қалай тарата алатыны нақтыланбаған".
Парламенттің заң шығару өкілетін уақытша өзіне алған Назарбаев жаңа Конституция жобасын әзірлеп, бүкілхалықтық референдумге ұсынды. Қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда референдумда қабылданды.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдаған Жоғары кеңес те, одан кейін сайланған келесі құрам да мерзімінен бұрын таратылды. Тұңғыш Конституцияны қабылдаған Жоғарғы кеңесте бақылау палатасының төрағасы болған Ғазиз Алдамжаров "Назарбаев тұңғыш Конституция берген өкілеттерді азсынды" деп санайды.
"Назарбаев "депутаттар экономикалық реформаларды жүргізуге кедергі келтірді" деген сөзді жиі айтты. Жаппай жекешелендіру басталғанда атқарушы билікте жемқорлық белгілері байқала бастады. Сондықтан депутаттардың сұрауы көбейді. 1993 жылғы Конституцияда президенттен бастап, атқарушы биліктің бәрінің жауапкершілігі көрсетілді. 1995 жылғы Конституцияда президенттің жауапкершілігі көрсетілмеген" деген еді Алдамжаров.
Қазіргі Конституцияда президент саяси жүйенің басты тұлғасы саналады және билік тармақтарынан жоғары тұрады. Қазір билік қолданыстағы Конституцияға тағы да өзгеріс енгізбек.
"1993 ЖЫЛҒЫ КОНСТИТУЦИЯ БИЛІКТІҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІН РЕТТЕДІ"
1993 жылғы Конституциядағы билік бөлінісі, одан кейінгі дау және қазір енгелі жатқан өзгерістер жөнінде "Ара медиа" ютуб арнасында "Қилы кезең" деректі сериалын шығарып келе жатқан саяси шолушы, журналист Асылхан Мамашұлымен сұхбаттастық.
Азаттық: Сарапшылар 1995 жылы қабылданған, одан бері сан мәрте түзетілген қазіргі Конституциямен салыстырғанда 1993 жылғы Конституцияны әлдеқайда демократия талаптарына сай еді деп еске алады. Ол Конституцияны демократияшыл етіп тұрған нақты қандай баптары еді?
Асылхан Мамашұлы: Сарапшылар "бұл Конституцияда парламенттік республика болды" деп айтып жүр. Бірақ 1993 жылғы Конституцияны қабылдаған адамдардың өзі "бұл – парламенттік республика немесе президенттік республика" деген анықтама берген жоқ. Бірақ Конституцияның мазмұны жағынан сол кезде бәрібір парламенттік республика сияқты көрінді. Мұны [сол кездегі президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың өзі де мойындады. Сарапшылар да солай айтып жүрді Шынында 1993 жылғы Конституцияның 1995 жылғы Конституциядан ерекшелегі – парламенттік басқару форматына әлдеқайда жақын тұрғандығы.
Азаттық: Демек 1993 жылғы Конституция бойынша парламент президенттен жоғары тұрды деп айтуға бола ма?
Асылхан Мамашұлы: Солай деп санайды, бірақ мен екі Конституцияны да оқып, салыстырып көрдім. Мен олай деп айта алмас едім. Екеуі тепе-тең тұрды деп айтуға болады. Бұл бір жағынан, дұрыс жасалған. Өйткені сол кездегі бірінші мақсат биліктің-тепе теңдігі мен тежемелік жүйесін өте жақсы орнықтырған. Жоғарғы кеңестің, президенттің өз өкілеті болды. Бірақ сол кезде даудың бәрі осы тұстан шыққан. Ең қатты дау болған мәселе президенттің Жоғарғы кеңеске барып есеп беруінде. Конституцияда президент жылына бір рет Жоғарғы кеңеске барып, елдің ішкі және сыртқы жағдайы жөнінде баяндама тапсырады деген. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда оқтын-оқтын хабарлап отырады деп жазылған. Ал 1995 жылғы Конституцияда дәл осы тұстар алынып қалды. Бұған қоса, 1993 жылғы Конституцияда ел бюджетін Жоғарғы кеңес бекітеді әрі бақылайды деп жазылды. Бюджетті бақылау үшін 1993 жылы бақылау палатасы құрылды. Бұл палата атқарушы биліктің қанша ақша жұмсағанын есептейтін болды. Жоғарғы кеңес министрлерді және басқа да лауазымды тұлғаларды қызметтен босату және жауапқа тарту бойынша ұсыныс бере алды. Осы жайттардан соң парламент күшті болған деп жиі еске аламыз. Бірақ бұл жайттар [президентке] қатты батып кетті.
Азаттық: Қазақстанның 1993 жылғы Конституциядан бас тартуына қоғамда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты кінәлайтындар көп. Ол билігін нығайтып, құзіретін күшейткісі келді дейді. Бірақ тоқсаныншы жылдардың басындағы кедейлік, жоқшылық сынды тұрмыстық қиындықтардан елді шығару үшін экономикалық реформаны жеделдету маңызды болғанын, оған сол кездегі Жоғарғы кеңес пен сол кеңеске өте көп құзірет беріп отырған Конституция кедергі болғанын айтатындар да бар. Қай тараптың уәжі қисынды сізге?
Асылхан Мамашұлы: Иә, "сол кезде жағдай қиын болды, сондықтан билікті алуы керек болды" деген пікір бар. 1993 жылы желтоқсанда түрлі себептер ойлап табылып, түбі Жоғарғы кеңес өзін-өзі таратты. Таратардың алдында президентке, жергілікті әкімшіліктерге қосымша өкілет беру туралы заң қабылдады. Заң ың-шыңсыз өтіп кетті. Парламент тараған соң билік біреуге өтуі керек қой, сол билік президентке және жергілікті әкімдікке берілді. "Экономикалық реформалар жасауға кедергі болса, онда президентке экономикалық реформалар жасауға мүмкіндік беретін өкілеттерді күшейтейік. Біз Жоғарғы сот төрағасын, бас прокурорды және басқа да орган басшыларын тағайындауды президентке тапсырып отырмыз" деп дабыл қаққан депутаттар болған. Тіпті төңкеріс деп те бағаланды. Егер Жоғарғы кеңес экономикалық реформалар жасауға кедергі болса, онда президент тек экономикалық өкілеттерін күшейтіп алуына болар еді. Бірақ сол кезде Назарбаев барлық билікті өз қолына алуға тырысты.
Азаттық: Қазір Конституцияға енгелі жатқан өзгерістерді билік "реформа" деп атайды, сыншылар "ребрендинг немесе косметикалық өзгеріс" деп бағалайды. Президенттің Қызылордағы Ұлттық құрылтайда айтқан мәлімдемелері, қазіргі конституциялық комиссиядағы ұсыныстарды саралағанда алда енетін өзгерістер 1993 жылғы Конституцияға қарай жақындау ма әлде қазіргі Конституцияның шеңберінде қала беру ме немесе басқа сүрлеуге түсу ме? Салыстырып айтып көресіз бе?
Асылхан Мамашұлы: Бұл жағынан келгенде 1993 жылғы Конституциямен салыстыруға да келмейді. Себебі ол кезде биліктің тепе-теңдік және тежемелік жүйесі жақсы орнықты. 1995 жылғы Конституциядан бастап бәрі өзгеріп, билік түгел Назарбаевтың қолына шоғырланды. Қазір сол 1995 жылғы Конституцияны қолданып отырмыз. Сол уақыттарда негізгі дау билік бөлінісіне байланысты болған. Ал қазіргі ұсыныстарда елеулі өзгерістер жоқ. Яғни, косметикалық өзгерістер. Елдің саяси бағытын мүлде өзгертеді деуге келмейді.
Азаттық: Екі палаталы парламент бір палаталы болмақ. Вице-президент лауазы қайта пайда болғалы жатыр. Бұл 1993 жылғы Конституцияда болды ғой. Демек бұл елеулі өзгерістер емес пе?
Асылхан Мамашұлы: Парламент бір палаталы я екі палаталы бола ма, бәрі оның өкілеті мен құзіретіне байланысты. Құзіреті жоқ болса қанша палаталы болса да бәрібір. Вице-президентті президент парламентпен ақылдасып тағайындайтыны айтылды. 1993 жылғы Конституцияда вице-президент президентпен бірге сайланды. Вице-президент өз еркімен лауазымынан кетсе, қайтыс болса, жаңа вице-президентті Жоғарғы кеңестің келісімімен тағайындайтыны жазылды.1993 жылғы Конституцияда президент қайтыс болса, қызметін атқара алмайтын халде болса өкілеті вице-президентке көшетіні, вице-президент атқара алмаса Жоғарғы кеңес төрағасына берілетіні айтылды.
Қазіргі ұсыныста вице-президентті президент қызметінен ала алады. Егер президент қызметін атқара алмаса, қайтыс болса екі айда сайлау өткізу де ұсынылды. Осы екі айда оның орнына вице-президент келеді дейді. Яғни, осы аралықта президенттің өкілетін алған вице-президент өзінің сайлау науқанын толық жүргізіп алуы мүмкін. Демек, кандидаттардың тепе-теңдігіне де күмән тууы мүмкін.