Бокстан Таиландта өткен Азия чемпионатында күміс медаль алған Абылайхан Жүсіпов наразылықтан соң чемпион атанды. 71 келі салмақтағы Жүсіпов финалда өзбекстандық Хавасбек Асадуллаевпен бокстасқан еді. Жарыстан соң Асадуллаевтың ереже бұзғаны анықталып, алтын медаль Жүсіповке берілді.
Қазақстан бокс федерациясы 11 желтоқсандағы жекпе-жектен соң Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) мен Азия бокс конфедерациясына (ASBC) наразылық хат жолдаған. Онда Жүсіповпен бокстасқан Асадуллаевтың өрескел түрде ереже бұзғанын айтып, шаршы алаңда болған төреші Джована Угренович (Сербия) ешқандай ескерту жасамады деп шағымданған. Қазақстан тарапы ереже бұзылғанына дәлел болатын фото-видео материалдар бар деді.
Кейін IBA мен ASBC ұйымдары 71 келі салмақ бойынша финалдағы жекпе-жекті қайта қарастырып, Жүсіповті Азия чемпионы деп таныды.
Азия бокс конфедерациясы ресми мәлімдеме жасап, Қазақстан бокс федерациясының наразылығынан кейін ASBC Asian Elite Boxing Championships-тің техникалық делегаты Сади Даффи (Ирландия) жекпе-жек кезінде ереже бұзған Асадуллаевты жарыстан шеттету туралы шешім қабылдады деді. Өзбек боксшысының Жүсіповті тістеп алғаны кейін анықталған.
Спорт журналисі Аян Төлегеннің жазуынша, төреші Джована Угренович жекпе-жек кезінде бұл сәтті байқамай қалғанын айтқан. Сөзінше, сол кезде рингтің басқа жағында болып, тістеп алған кезді дұрыстап көре алмаған.
Таиландта өткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы бұған дейін 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен жалпы есепте Өзбекстаннан (8 алтын, 2 күміс, 1 қола) кейін екінші орын алған еді.
Париж олимпиадасына қатысқан Махмұд Сабырхан (54 келі) және Айбек Оралбай (+92 келі) Азия чемпионы атанды. Азия ойындарының қола жүлдегері Сағындық Тоғамбай (92 келі) мен 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов алтын медаль иеленді.