Қырғыз-тәжік шекарасына делимитация және демаркация жасау жөніндегі үкімет делегациялары жетекшілерінің Баткендегі кездесуінен кейін екі жақ шекараны анықтау процесі толық аяқталып, екі жақ келісімге келгенін хабарлады. Бұл жөнінде Қырғызстан министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, үкімет делегациясының жұмыс топтарына қырғыз-тәжік шекарасына делимитация жасау бойынша қорытынды құжаттарды рәсімдеуге кірісу тапсырылған.
Кездесу аяқталғаннан кейін екі елдің үкімет делегацияларының жетекшілері Саймумин Ятимов және Қамшыбек Ташиев ортақ мәлімдеме жасады.
Ятимовтің сөзінше, екі ел арасындағы шекараға делимитация жасау мәселесі "іс жүзінде аяқталған", тек заңнамалық процедуралар қалған. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет жетекшісі Қамшыбек Ташиевтің айтуынша, тараптар толығымен келісімге келген. Ал заңнамалық процедураларға бірнеше ай керек.
Шілде соңында Қырғызстанның министрлер кабинеті қырғыз-тәжік шекарасының 94% анықталып қойғанын және қалған 6 пайыз "күрделі аудандарда орналасқанын" айтқан.
Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 972 шақырым. 2022 жылы кездесу кезінде Қырғызстан мен Тәжікстан басшылары 664 шақырымды келіскендерін хабарлаған.
Шекараның анықталмаған аумақтарында бұған дейін су, жер, жол және жайылымға байланысты жанжалдар болған. 2021 жылы сәуір-мамыр және 2022 жылы қыркүйекте екі ел шекарасында ірі қақтығыс болып, екі жақтан ондаған адам қаза болған.