Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 14,25%-дан 15,25%-ға дейін көтерді.
"Қазақстан Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 проценттік пункт дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңа болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданды", – деп жазылған 29 қарашада жарияланған Ұлттық банк хабарламасында.
Базалық мөлшерлеме – бұл орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни, ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді.
Ведомствоның айтуынша, Қазақстанда қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызға дейін өскен. Бұған халықаралық нарықта азық-түлік бағасының қымбаттауы, доллар бағамының құбылмалығы мен Ресейдегі инфляция әсер еткен.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені шілдеде 14,25% азайтқан. Қазірге дейін сол деңгейде сақталып келген.
Ұлттық банк 29 қараша күнгі хабарламасында сонымен бірге биыл және алдағы екі жылда инфляция ахуалы одан әрі нашарлап, экономика өсуі баяулайды деп болжам жасайды.
Жаңа болжамға сәйкес, 2024 жылы инфляция 8-9% деңгейінде болады. Ол өсу жағына қарай 2025 жылы – 6,5-8,5%-ға дейін, 2026 жылы 5,5-7,5% дейін қайта қаралған.
Болжам бойынша, биыл экономика өсуі баяулап, 4-4,5% болады.
"2025 және 2026 жылдарға арналған болжам тиісінше 4,5-5,5% және 4,6-5,6%-ға дейін қайта қаралды. Неғұрлым төмен болжамдар мұнайдың сценарийлік бағасының төмендеуіне және бірқалыпты сыртқы сұранысқа байланысты" деп жазылған банк хабарламасында.