Ливанда сейсенбіге қараған түні атысты тоқтату туралы келісім күшіне енді. Мұнда Израиль әскері ираншыл "Хезболла" ұйымына қарсы операция жүргізген еді. Жуырда келісімді Израиль үкіметі мақұлдады: оны 10 адам қолдап, бір адам қарсы шыққан.
Бейбіт келісім жоспарына сәйкес, Израиль 60 күн ішінде әскерін Ливаннан әкетуге тиіс. Израиль Ливанның шекаралас облыстарда бақылауға алған аймақтарын қайтаруы керек. Ал "Хезболла" ауыр қаруын Литани өзенінің солтүстігінен алып кетуі қажет. Ал АҚШ бейбіт келісімнің орындалу барысын бақылап, Израильді қолдауға кепілдік бермек.
"Израиль АҚШ-тың осы процеске қосқан үлесін жоғары бағалайды және өзіне қатер төнген жағдайда өз бетінше қимылдауға құқығы бар" деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
АҚШ президенті Джо Байден Израиль және Ливан премьер-министрлерімен телефонмен сөйлескенін айтты. Екі тараптың үкіметтері келісімді мақұлдаған.
"ХАМАС енді таңдауын жасауға тиіс. Оларда қалған жалғыз амал – тұтқындағы азаматтарды, соның ішінде Америка азаматтары да бар, босату. Осы процесс барысында әскери қимылдарын тоқтатып, соның салдарынан гуманитарлық көмек артады. Алдағы күндері АҚШ Түркия, Египет, Катар, Израиль және басқа елдермен Газа секторында атысты тоқтатуға қол жеткізу үшін тағы бір қадам жасайды" деді Байден.
Сейсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ливандық "Хезболла" радикалды тобы қарулануға талпынса, "келісімді бұзу" саналатынын, ондай жағдайда Израиль "қатаң жауап береді" деп ескертті.
Ливанда шоғырланған ираншыл "Хезболла" радикал тобы Израильге шабуылдаған ХАМАС-ты қолдау мақсатында 7 қазаннан кейін Израильге шабуылын үдеткен. (ХАМАС тобы ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған). Израиль бұған жауап ретінде Ливанның оңтүстігінде "Хезболлаға" қарсы әскери операция бастаған.
"Хезболла" Израиль мен АҚШ-та террористік ұйым танылған. Еуроодақ "Хезболла" әскери қанатын террористік ұйым деп таныған.