21 қыркүйекте Қарағандыда сот "Үндістан азаматын ұрлады" деп айыпталған өзбекстандық бес адам түрме жазасына кесті. "Адам ұрлауды ұйымдастырды" деп айыпталған 41 жастағы ер адам сегіз жылға, 27-31 жас арасындағы төртеуі жеті жылға сотталды. Сот үкімімен айыпталушылар жәбірленуші Госвами Праффул Пуриге 2 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс.
Үкімге сай, сотталушылардың бірінің көлігі мемлекет пайдасына тәркіленді. Сот отырысында айыпталушылар бұл көлікпен үндістандық Госвами Праффул Пуриді Астанаға апарып, қинағаны айтылды.
Жәбірленуші сот шешіміне көңілі толатынын жеткізді. Бірақ үкім әлі күшіне енген жоқ, тараптардың аппеляциялық шағым түсіруге құқығы бар.
— Іс қиынға соқса да, мені ұрлаған адамдардың түрмеге қамалғанына қуаныштымын. Бұл олар үшін сабақ болады. Моральдық шығын ретінде 5 млн теңге сұраған едім, оны 2 млн теңгеге түсірді. Жақында еліме қайтамын, бірақ Қазақстанға қайта келіп оқуымды жалғастырамын, - дейді Госвами Азаттыққа.
27 жастағы Госвамиді 2022 жылы қарашада күндіз Қарағанды көшесінен ұрлап әкетіп, Астанаға алып барған. Астанада оны ұрып, видеоны жәбірленушінің ата-анасына жіберген. Госвами түнде қашып кетіп, полицияға арызданған. Бұл іс бойынша сот маусым айында басталған еді.
Адвокаттар айыпталушыларды ақтауды сұраған. Айыпталушылардың өздері тағылған айыпты мойындамаған. Тек "адам ұрлауды ұйымдастырды" деген адам "Заңсыз бас бостандығынан айыру" бабы бойынша айыпты мойындаған.
Сот отырысында айыпталушылар Госвамидің ақша қарыз екенін, сол қарызды қайтаруды талап еткенін айтқан. Бірақ прокурор барлық айыпталушының айыбы толығымен дәлелденді дейді.
Жәбірленуші қарыз алмадым деп, айыпталушылар ақша талап еткенін, сұраған ақшаны бермеген соң ұрлап әкетіп, соққанын айтады.
Үндістан азаматы Қазақстан істі басқа жаққа бұрмақ болды деп мәлімдеген еді, бірақ полиция мұны жоққа шығарған. Жәбірленуші айыптау тарабының ұстанымымен келіспей ІІМ мен Үндістан елшілігіне шағымданған. Госвами ІІМ-ге шағымданған соң ғана іс материалдарымен таныстырғанын айтқан.
АҚШ мемлекеттік департаментінің адам ұрлығы туралы есебінде Қазақстан билігі адам саудасымен күрес талаптарын толық орындамай отырғанын, бірақ "біраз тырысып жатқанын" жазған. Есепте кейбір жағдайларда билік адам ұрлығына тап болған шетелдіктерге қорғану қызметтерін алуға кедергі келтіргені айтылған еді. АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанда Қылмыстық кодексіндегі "адам саудасы" түсінігін халықаралық стандартқа сәйкестендіруі керек деген.
Қазақстан ІІМ мәліметінше, қазір мәжілісте жатқан "Адам саудасымен күрес туралы" заң жобасында "адам саудасының құрбаны болған адамдардың құқығы" нақтыланатын бап бар.