18 қыркүйекте Орал қаласының қылмыстық істер соты азаматтық белсенді Маруа Ескендіроваға белгіленген шектеу жазасын мерзімінен бұрын алып тастады.
Биыл ақпанда Маруа Ескендірова мен белсенді Амангелді Оразбаев "экстремистік ұйым жұмысына қатысты" деген айыппен соталған. Сот олардың қоғамдық-саяси белсенділікпен айналысуына екі жылға шектеу қойған.
Судья Гүлнәр Гимадутдинованың сөзінше, Маруа Ескендірова өзіне белгіленген жазаны өтеу кезінде қылмыстық, я әкімшілік жауапқа тартылмаған.
Сот кезінде белсенді ақшалай өтемнен құтылғанын, пробация органдарына тұрақты тіркеліп жүргенін айтты. Пробация бақылауының өкілі Жансая Сарсенова сот кезінде Ескендіроваға жағымды мінездеме беріп, мерзімінен бұрын босатуға қарсылық білдірмеді. Прокурорда да қарсылық болған жоқ.
Судья шешімімен Ескендіроваға белгіленген шектеу шарасы өзгергенімен, оған екі жылға дейін қоғамдық-саяси айналысуына тыйым салу туралы қосымша жазаны қалдырылды.
Орал қаласының белсендісі Маруа Ескендірова билікті сынап, саяси реформа жүргізуді, саяси тұтқындарды бостандыққа шығаруды талап етіп, бейбіт наразылық акцияларына қатысып жүрген. Бірнеше рет әкімшілік қамауға да алынған.
2022 сәуірде белсенді Амангелді Оразбаевпен бірге өткізген акциясы үшін 2023 жылы ақпанда қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша бостандығы шектелген. Ескендірова мен Оразбаев өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген.
2018 жылдан бері Қазақстанда ондаған белсенді тыйым салынған ұйым жұмысына қатысқаны үшін түрлі мерзімге сотталған. Көбі ҚДТ мен "Көше партиясына" салынған тыйымдарға байланысты болған.